Е-zan цифрлық қосымшасы арқылы 32 мың қазақстандық тегін заңгерлік көмек алды. 31 наурызда іске қосылған платформаның жұмысы жайлы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады .
Жалпы әділет органдарын цифрландыру қарқын алған. Мәселен, жыл басынан бері робот сот орындаушысының көмегімен ел азаматтары 1 млрд 200 млн теңгесін үнемдеді. Яғни жеке сот орындаушысына төленетін комиссия есебінен біраз қаржыны үнемдеу мүмкін болды. Сондай-ақ цифрлық нотариат платформасы арқылы 180 адамға қызмет көрсетіліпті. Азаматтардың жеке мәліметтері мемлекеттік деректер базасында сақталған. Ақпарат бөгде адамдарға тарап кетпес үшін бірнеше сатылы тексеру жұмысы жүргізіледі.
Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:
- Мысалы, цифрлық нотариат жобасын алып қарайтын болсақ, ол адамның өзінің Face ID арқылы өзінің түр-тұлғасын растайды және де қосымша даулар туындамауы үшін, алаяқтық әрекенттер көбеймес үшін екінші кезеңде нотаруис ол адамның алкогольді немесе наркотикалық әсерлерінің жоқтығына көз жеткізеді. Онымен сөйлеседі және де маңайында бөгде адамдар қысым көрсетіп жатқан жоқ па, соның барлығы бейнебақылау арқылы тексеріледі. Сосын ғана азаматтың келісімімен деректер базасына қол жеткізіледі.