Қостанай облысындағы қос бірдей ауыл көп ұзамай тақтайдай тегіс жолдың игілігін көреді, деп хабарлайды 24KZ. Қазіргі таңда Көктал және Первомай елді мекендеріне апарар аралық қайта салынып жатыр. Бұрын жол деген аты болмаса, «асфальт көрмедік», – деген тұрғындар енді жаңа жолмен ауылдың тірлігі де жақсара түсер деген ниетте.

Күрежолдан Көктал ауылына бұрылатын 34 шақырым аралықтың сиқы осы. Кедір-бұдыр қисайған, ойдым-ойдым ойылған жолмен әрең жетесің. Былтыр осы жол бойында жөндеу жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге дейін үштен бір бөлігіне асфальт төселген. Ал мынау Первомай ауылына баратын көтерме жол. 23 шақырым бұл аралықта да әлімсақтан асфальт болған емес.

Кенжеғұл Бижанов, Первомай ауылының тұрғыны:

- Жаңбыр жауса, ми батпақ. Сосын шұңқыр, жолда қалып та жүрген талай уақытымыз болды. Жол болмағаннан кейін ауырып қалсаң да, «не қылып» қалсаң да, бұрын көп қиындық көрген ауылмыз ғой. Енді былтырдан бері жолымыз, шүкір, жақсарып, биыл бітсе, біздің ауыл қуаныштың үстінде болады. Енді жол болса, кішкене тіршілік болады.

Былтыр басталған жөндеу жұмыстары аяқталуға таяу. Небәрі 4 шақырымы қалған. Мердігер құрылыс барысында жер бедері, климат жағдайы барынша ескерілгенін айтады.

Леонид Жучков, мердігер компанияның өкілі:

- Қиыршықтасқа цемент қосып, төменгі қабатын тегістеп нығыздадық. Қос жиегінде су ағатындай еңіс жасалды. Сондықтан бұл жолға нөсер, жаңбырың түк емес.

Ауыл әкімі жол құрылысы басталғаннан бері көші-қон мәселесі біршама тұрақталғанын айтады.

Нұрбол Қосанов, Первомай ауылының әкімі:

- Қазір енді жол мәселесі шешілсе, Алтынсары ауданынан құны бір миллиардтан асатын судың жобалық-сметалық құжаттамасы шешіліп жатыр. Қазіргі таңда тартылып жатыр. Енді амандық болса, қазан айында судың да мәселесі, жолдың да мәселесі шешіледі деген ойдамыз.

Әулиекөл ауданы аумағындағы автокөлік жолының жалпы ұзындығы 500 шақырымнан астам. Соның бүгінде 76,5%-і қанағаттанарлық жағдайда. 10%-тей бөлігі нашар күйде.

Рустам Жұмағали, Әулиекөл аудандық ТКШ, жолаушылар көлігі және аж бөлімінің басшысы:

- Биылға жоспарланған Бағаналы ауылына апаратын жолды жөндеу келесі жылға шегерілді. Бұл міндетті түрде жүзеге асырылатын маңызды жобаларымыздың бірі. Тағы бірнеше бағыттың жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Облыс бойынша жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеуге биыл бюджеттен 59 миллиард теңге бөлініп отыр. Жоспарға сәйкес бұл қаржыға мың шақырымнан астам ауыл-аймақ жолдары қалпына келтіріледі.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг