100-ге жуық түлек Құқық қорғау органдары академиясының куәлігін алды. Енді олар еліміздің әр өңіріне қызметке орналасады. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.

Қазір қызметке қабылдауды автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта кадрларды іріктеуге арналған «OPEN ACADEMY» платформасы құрылып, мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады. Платформада құжаттарды тапсырудан бастап еңбек шартына қол қоюға дейінгі барлық кезең онлайн өтеді. Бұл жоба кадрларды даярлау жүйесін халықаралық стандарттарға сай деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ «адами фактордың» ықпалын азайтады. Жоба «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы соңғы 4 жылда академияны мыңнан астам жас маман аяқтап шықты. Жыл сайын кадрлық жоспарлау жасалып, қажеттілікке қарай түлектер оқудан өтеді.

Аида Әнуар, ҚР Бас прокуратурасының Кадрлық жұмыс департаментінің бастығы:

- Академияға түсу бағытында «OPEN ACADEMY» деген жаңа бағдарлама құрастырылып жатыр. Ол бағдарлама процестердің бәрін онлайн өткізуге мүмкіндік береді. Яғни эссе жазу, психологиялық зерттеуден, социологиялық зерттеуден өту – осы сатылардың барлығы дерлік онлайн өткізіледі. Әскери дәрігерлік комиссия мен полиграф тексеруі ғана оффлайн өткізіледі. Қалған бағыттардың барлығында әрбір осы академияға түсемін деген кандидат өзінің үйінде отырып, ешқайда шықпай-ақ, онлайн осы процестерді өтеді.

Анель Мұхамбет, ҚР Құқық қорғау органдары академиясының түлегі:

- Осы академияға түсу менің өмірімдегі керемет шешімдердің бірі деп есептеймін. Себебі академияда біз заң нормаларын ғана емес, біліммен бірге тәртіпті ұштастырып, төзімділікке үйреніп, заң мен тәртіпті қатар алып жүрдік. Осы академия оқытушыларына менің алғысым шексіз.