Шымкентте құқық қорғау саласында ондаған полицейлер династиясы бар.
Солардың бірегейі Өмірзақовтар әулетінде 32 ұл мен қыз мәртебелі мамандықты таңдап, абыройлы еңбек етіп келеді.
Полиция майоры Нұрсұлтан Өмірзақов 17 жылдан бері Ішкі істер саласында табан аудармай еңбек етіп келеді. Алғашында аудандық басқармада тергеуші болып, кейін кадр жұмысына жауапты аға инспектор атанды. Талапшыл азамат жеке құрамның тәртібін қадағалап, қызметтік әдептің сақталуын қамтамасыз етеді.
Нұрсұлтан Өмірзақов, қалалық ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасының аға инспекторы:
- Бұл салаға келгеніме өкінбеймін. Атамыздың, әкемнің ізін басып елге қызмет етіп жатырмын. Маңызды жұмысты абыроймен атқарамыз. Бізге департамент бастығы, ІІМ тарапынан жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінеміз.
Атаның ұлағатымен ұрпақтар сабақтастығын жалғаған ұлға жауапкершілік пен адалдық та дарыды. Өйткені бала кезінен қызметке деген құрметті көріп өскенін айтады. Сондықтан қатарға қосылған жас мамандарды да Отанын сүюге үндеп, мендетін мінсіз атқаруын қадағалайды.
Мәртебелі мамандықты абыройлы міндет санағандар үш ұрпаққа ұласты. Әулеттің үлкені Батырхан Өмірзақовтан тараған 32 ұл, қыз бен немере құқық қорғау органдарында еңбек етеді. Олардың жалпы еңбек өтілі 3 ғасырдан асты. Қоғамдық қауіпсіздік пен тыныштықты күзеткен офицерлер өзара тәжірибе алмасып, отбасылық қарым-қатысты да берік ұстады.
Алмас Өмірзақов, қалалық ПД патрульдік полиция полкінің взвод командирі:
- Жалпы Шымкент қаласында 500 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Тағы 200 мың автокөлік күнделікті Шымкент қаласы аумағына кіріп, шығуда. Солардың жол ережелерінің бұзбауын немесе жол-көлік оқиғаларын бұзбау мақсатында күнделікті қызмет атқарамыз. Заң мен тәртіп қағидаларын басты назарға аламыз.
Шымкентте тұрғындардың тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті 2 мыңнан астам полицей қамтамасыз етеді. Мегаполис қалада мәртебелі мамандықты атадан балаға жалғап келе жатқан ондаған полицейлер династиясы бар.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов