Жыл басынан бері 46 мыңдай адам тұрмыста зорлық-зомбылық жасағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылып, 14 мың күдікті қамауға алынған. Бұл туралы Ақмола облысында Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары мәлімдеді. Айтуынша, зәбір көрген 42 мыңдай азаматқа қорғау нұсқамасы берілген. Бұдан бөлек отбасыда кісі өлтіру мен жарақат алу дерегі азайғанын жеткізді. Мәселен кәмелетке толмағандарды ұрлау 83 пайызға, тәрбиелік міндеттерін орындамау жағдайы 22 пайызға төмендепті. Сондай-ақ жиында мұқтаж отбасылардың жағдайын бақылауға және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қандай көмек қажетін анықтауға мүмкіндік беретін Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қызмет көрсету платформасының жобасы таныстырылды.
Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы:
Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы ымырасыз күрес – Президентіміздің берік ұстанымы. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы заң «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың жарқын мысалы болды. Оған халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары баға берілді. Қазірдің өзінде мұндай қылмыстарды азайтуда оң өзгерістер байқалып отыр. Бүгінгі кездесу оны әрі қарай күшейту қажеттілігі бар ма, жоқ па соны түсінуге мүмкіндік береді.
Асылбек Данияр