Сенат ерекше қорғалатын аумақтағы елді мекендердің болашағы туралы заң жобасын қарап жатыр .

Себебі елімізде мұндай территорияға еніп кетіп, еңсесін тіктей алмай отырған елуден астам ауыл бар.

Солардың бірі Шығыс Қазақстандағы Қайыңды. Самар ауданына тиесілі болғанымен елді мекенге "ауыл" мәртебесі берілмеген. Өйткені ол орман қорына жататын учаскеде тұр. Салдарынан жергілікті жұрт талай жылдан бері не үйіне, не жеріне құжат жасата алмай келеді. "Ауыл" статусын алуға қажетті, жоғарыға жіберілген құжаттар кезекті рет қайтып келді.

Ауыл статусын алу қайыңдылықтардың қол жетпес арманына айналғалы қашан. Бұл жер тұтастай орман қорына тиесілі болғандықтан, тұрғындар баспаналарына өз меншігіндей қарай алмайды. Тіркеуге тұрып, кәсіп ашу да қиын. Жылжымайтын мүлікті сату да мүмкін емес.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Қайыңды қанша ыстық болса да көшуге бел буғандар көп. Алайда олар ел сияқты баспаналарын сата да алмайды. Өйткені қолдарында басты құжат – жер актісі жоқ. Сондықтан мінеки кейбірі осылай үйлерін бұзып тым болмағанда жарамды құрылыс материалдарын алып кетуге тырысады.

Жаңыл Қиябаева өз алдына «ауыл» болсақ екен деп, тер төгіп жүрген белсенділердің бірі. Ол Қайыңдының жыл санап тозып бара жатқанына алаңдаулы. Жолдар жөнделмейді. Электр бағандары шіріп әрең тұр. Мәдени, спорттық нысандар атымен жоқ. 100-ден аса тұрғыны бар елді мекен ауыл-аймақты қолдауға арналған бағдарламаға да қатыса алмайды.

Жаңыл Қиябаева, Қайыңды ауылының тұрғыны:

- Ауылды көтеру туралы бағдарламалары бар сол бағдаламаларға да қатыса алмаймыз өйткені ешқайда тіркелмеген, жаңағы айтады ғой, тұрғындар, жас семья үйленсе тіркеуге тұра алмайды, бала дүниеге келсе жас сәби оны да тіркеуге тұрғыза алмаймыз, өйткені ешқайда тіркелмеген ауыл.

Қайыңдыға ұқсас жағдай елімізде аз емес. Көршілес Павлодар, Абай облыстарында аты бар да, заты жоқ ауылдар жетерлік. Сенатор Ольга Булавкина дәл осы сұрақты жиі көтеріп келеді. Айтуынша,ерекше қорғалатын аумақтағы елді мекендер туралы заң жобасы Мәжілістен өтіп қазір Сенатта қаралып жатыр.

Ольга Булавкина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазір бұл заң қаралып жатыр. Әзірге тұтас ауылды болмаса да, алдымен аурухана мектеп сынды әлеуметтік нысандарды ерекше қорғалатын аумақтан шығаруға қол жеткіздік. Бұл жұмыс біздің назарымызда.

Егер заңға өзгеріс енгізіліп, Қайыңды ресми түрде ауыл мәртебесін алса, атқарылар жұмыс та шаш етектен дейді жергілікті мамандар. Ең алдымен, тұрғындарды тіркеу мәселесі шешілмек.

Қуат Әлкенов, Самар аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Бас жоспар әзірлеу керек болады Бас жаңадан салынатын құрылыстар үйлер,белгіленетін нәрпселер бар соның бәрін белгілеп көрсетіп,,көріп тұрғандарыңыздай үйлердің біреуінде құқықтық белігіленетін құжат жоқ. Сол мәселелермен бірінші айналысамыз.

«Ауыл» статусын алуға байланысты соңғы рет жоғарыға жіберілген Қайыңдының құжаты қайтып келді. Себебі «қоғамдық тыңдау болған күннің» мерзімі өтіп кеткен. Енді ол жиын өткізіліп, тіркеліп «Жер ресурстары комитетіне» қайта жолданады. Тұрғындарда ауылдың түтіні түзеліп, тірлігі жанданар деген үміт әлі де үзілген жоқ.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов