Бұл қадам елдердің гуманитарлық ықпалдастығын жандандырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші "Орталық Азия – Қытай" саммитінде Орталық Азия мен Қытай халықтарының арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жоғары қарқынына тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәдени орталықтардың ашылуы, креативті индустрия және туризм салаларының дамуы осы бағыттағы басты басымдықтар ретінде аталды.
"Сиань қаласынан Алматы шаһарына қатынайтын алғашқы туристік пойыздың іске қосылуын құптаймыз. "Қазақстандағы Қытай туризмі жылына" орайластырылған бұл оқиға ғасырлар бойы Еуразия аумағында тауарлар мен идеялардың толассыз алмасуына дәнекер болған Ұлы Жібек жолының рухын жаңғыртады", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Шанхай қалалары, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың бірқатар өңірлері арасында бауырластық қарым-қатынас орнағанын қуаттады.
Мемлекет басшысы Қытай тарапының Орталық Азиямен ынтымақтастыққа арналған атаулы жылдар ұйымдастыру бастамасына қолдау білдіріп, келесі жылды "Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы" деп жариялауды ұсынды. Бұл қадам елдеріміздің гуманитарлық ықпалдастығын жандандырады.
Айта кету керек, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші "Орталық Азия – Қытай" саммитіне қатысқанын жазғанбыз.