Ақмола облысының Шортанды ауданында құны 5 миллиард теңгеден асатын 19 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны да артып келеді.

Ауқымды жобалардың бірі – «Қазақстан Орманы» серіктестігінің орман тәлімбағы. Жалпы құны 6 миллиард теңгені құрайтын жобаның алғашқы кезеңіне 1,5 миллиард теңге инвестиция салынған. Аумағы 485 гектарды қамтитын кешенде суару жүйесі мен су жинақтау қоймасы бар. Заманауи өндірістік базада екі маусымда бір миллионнан астам көшет отырғызылады. Бозайғыр ауылындағы кірпіш зауыты да өндіріс қуатын қарқынды арттырып келеді. Қазір зауыттың жаңа блогы салынуда. Жоба толық іске қосылса, жылына 120 миллион дана кірпіш шығаруға қауқарлы.

Бақытжан Сапар Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:

Жылдың басынан Шортанды ауданына тартылған инвестициялар көлемі 5 миллиард теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80 пайызға көп. Жалпы облыс бойынша 2025 жылы тартылған инвестициялар көлемі 131,3 млрд тг асты. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 12%-ға өсті.

Бибінұр Әмірханқызы