Сарыкөл ауданы үш жыл қатарынан астық түсімі жағынан Қостанай облысында көш бастап келеді, деп хабарлайды 24kz.
Қуаңшылық жылы да гектарынан орташа есепппен 15 центнерден бидай жинады.
Биыл да шаруалар мол өнім алудан үмітті. Табысты егіншіліктің сыры неде?
Былтыр Қостанай облысы бойынша астық түсімі орташа есеппен гектарынан 14 центнерден келді. Ал Сарыкөлде бұл көрсеткіш 20 центнерге жуық. Егіншілікте жоғары нәтиже көрсетіп жүргендердің бірі – Азамат Жолшыбаевтың шаруашылығы. Ол жазғы дақылдармен қатар күзгі бидай түрлерін де егеді. Қыстан шыққан масақ бой көтеріп қалған. Енді бір айдан кейін оруға болады.
Азамат Жолшыбаев, шаруашылық басшысы:
- Көбісі күзгі бидай егуден қорқады. Ол бірден өнім бермеуі мүмкін. Сынап, бақылап, бір нәтижеге қол жеткізу үшін 3-7 жыл керек. Мен күздік бидайды алтыншы жыл егіп отырмын. Сапасы да, өнімділігі де, бағасы да жаздық дақылдардан әлдеқайда жоғары. Және жазда бәрінің қамбасы босап жатқанда менікі толы.
Бұл – бүкіл жұмысты басқару орталығы. Техника қозғалысы, жанар-жағар май шығыны, егіншілік жүйесі бәрі осы жерден бақыланады. Цифрлық технология енгізілгеннен бері еңбек өніміділігі 30-40%-ке артқан. Сарыкөлдегі тағы бір шаруашылық басшысы Эдуард Двуреченскийдің айтуынша, ең бастысы, жер өңдеуді жолға қою керек. Сол үшінде ол АҚШ, Еуропадан бірнеше агрегаттар алдыртқан. Оны өзімізге ыңғайлап, қайта жарақтаған.
Эдуард Двуреченский, шаруашылық басшысы:
- Біз топырақты тікелей өңдеудің қазақстандық жүйесін дайындадық. Жерді аударып, құрылымын бұзбай, тікелей тіліп, оны қопсытып, соңынан тегістеп нығыздайды. Осының бәрі мынау агрегатпен бір өткенде атқарылады. Күтіп, баптаған жер қашанда жақсы өнім береді.
Биыл сарыкөлдік шаруалар 368 мың гектарға дәнді дақылдар екті. Соның жартысы цифрлық жүйеге енгізілген. Яғни, ылғал мөлшері, топырақтың жай-күйі бәрі спутник арқылы бақыланады. Басым бөлігі заманауи техника қолданады.
Талғат Мұқанов, Сарыкөл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Арам шөпке қарсы күресудің жаңа жүйесіне көштік. Фотоэлементтері бар химикат бүріккіштер алдық. Ол жағалай шашпайды, тек арамшөптер кездескен кезде іске қосылады. Бұл қымбат пестицидтерге көп үнем.
Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының айтуынша, алдағы 4-5 жылда аудандағы шаруашылықтардың бәрі цифрландыру жүйесіне және нақты егіншілікке көшеді. Бұл өнімділікті 30-40%-ке арттыруға мүмкіндік береді.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров