Ақтөбеліктер қаланы жайлаған сасық иіске шағымданды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" мәліметіне сілтеме жасап.

Жағымсыз иіс бірқатар аудандарда сезілген.

"Ауамен тыныстау мүмкін емес! Балалармен үйге жүгіріп кірдік, терезелерді жауып, кондиционерді қостық, – деп шағымданды Ақтөбе тұрғыны Алтынай. – Бұл қалыпты жағдай ма? Экологтарымыз жұмыс істей ме өзі?"

"Кешке ұшқыштар училищесінің жанынан өтіп бара жатқанда, сондай сасық иіс шықты, жүрек айниды! Қасымыздан велосипедпен балалар өтіп бара жатты, біреуі мұрнын футболкасымен жауып алыпты. Қалада не болып жатыр?" – дейді ақтөбелік Сәния.

Адамдар жағымсыз иіске шағымданып жатқанына қарамастан, экологтар оның ошағын әлі таба алмаған.

"Кеше инспекторлар әкімдікпен бірге тексеруге шықты. Бірақ әзірге иістің көзі анықталған жоқ. Иіс бар, біз де сезіп отырмыз, алайда құралдар күкіртті сутек, азот, күкірт диоксиді бойынша артық мөлшерді тіркеген жоқ", – деді Экология департаменті басшысының орынбасары Талап Уснадин.

Ақтөбе облысының Экология департаментінің инспекторлары кешке қарай қала бойынша қайта рейд жүргізуге уәде берді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget