Қасиетті қазақ халқының ұлағатты ұланы, халық жазушысы «тарих тылсымының тарланы» Күдері Жұмаділұлы Қабдеш ағамыз 1936 жылдың сәуір айында ҚХР, Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында іңгәлап жарық дүниенің есігін ашқан еді. Тәңірім маңдайына екі империяны, бірнеше саяси жүйені көруді жазған екен.

Шәуешек гимназиясын бітірген соң Қытай өкіметінің жолдамасымен Алматыдағы С.М. Киров атындағы ҚазМУ-не (1956) оқуға түседі. КСРО мен ҚХР арасындағы қатынас салқындағаннан кейін 1958 жылы Қытай үкімет органдары КСРО-да оқып жүрген студенттерді кері шақыртып алады. Төрт жыл қуғын-сүргінде жүреді. Небәрі 22 жасында Қытай өкіметі оған «ұлтшыл» деген атақ тағып, жабайы көмір шахталардың біріне «еңбекпен тәрбиеден» өтуге жіберді. Талай қуғын-сүргінде басынан кешкен ол көктей орылып кетуі мүмкін еді. Бірақ, Тәңір жарылқап аман қалды. Амана қалып қана қоймай шолақ саясаттың салдарынан аштық жайлай бастаған Тарбағатай аймағы қазақтарын тарихи отаны Қазақстанға көшіруді ойлап ұйымдастырады. Сол көштің бұйдасын ұстап өткен Қабдеш Жұмаділов болды. Бұл оның қоғамдық өмірінде атқарған ең үлкен қызметі. Ал ел мен жер тағдырын, тарихын әдеби шығармаларымен кейінгі ұрпаққа жеткізу – оның әдеби шығармашылығында баға жетпес қызметі.

Халқына, еліне осыншама еңбек етіп, сол еңбегінің жемісін көру оңайшылықпен кез келген адамға бұйыратын тағдыр емес. Ол иманы берік және ар жағында тек, ар, намыс, жігер деген құбылыстар тұру керек.

Қабдеш Жұмаділовтың арғы атасы Смайыл «Шыңжаң» қазақтары арасынан алғашқылардың бірі болып Меккеге қажылыққа барып мұсылман қауымының қасиетті міндетін атқарып қайтқан адам. Өмірінің саналы да сансыз уақытын төртуыл Керімбай ақсақалды қасына алып, тағдыр талауымен көрші Қытай еліне 1932-33 жылғы ұжымдастырудың салдарынан паналай барған қазақ ағайындардың бастарын қосып, бір жерге ұйымдастырып бір ауылға топтастырып қоныс берді, мал берді. Смайыл қажы мен Дәмежан үкірдай айтысып-тартысып жүріп жергілікті қалдайлардан екі құлақ су алып, егін салып, қазақтарды отырықшылыққа үйретіп, егіншілік кәсібіне баулып соның арқасында ағайындарын аштықтан аман алып қалады.

Қабдеш ағамыздың әкесі Күдері ақсақал 30 жасында қара қылды қақ жарған, ел жұртына бет беделді берекелі би болған азамат. Сол уақытта жергілікті қытайлар мен халдайлар тегін ағып жатқан суларынан қазақтың малы су ішсе «штраф», яғни ақы төлеттіреді екен. Ауыр бейнетпен Совет елінен Қытайға көшіп барғандарды ешкім басынан сипап қарсы алған жоқ. Міне осындай қара қазақтың алғысынан алқа тағып, батасына батқан Смайыл, Күдері ақсақалдардан тараған Қабдешке елім-жұртым дегенде етегі жасқа толған бүкіл Шыңжаң қазақтарын бабалар мекеніне – Отаны Қазақстанға қайтуға есепсіз еңбек еткен адам. Елім деп емірене қуаныш кернеп ат басын тірегенде, ағайын-туыс көшіп барғанда далада қалмасын деп өкімет басшыларына оралмандарға саяси баспана сұрап ресми хат жолдап отырады.

Міне осындай тынымсыз жұмыстың нәтижесінде Шыңжаң қазақтары бүкіл Шәуешек жұрты туған отаны Қазақстанға тік қопарыла өте шықты. 1962 жылы 10 сәуір мен 1-мамыр арасында бес застава арқылы Тарбағатай аймағынан 200 мыңнан аса халық шекараны бұзып өтіп Қазақстанға біржола оралды. Сол апрель айында ата жұртына өткен, жүздеген мың қазақтар «Алматы, Семей, Шығыс Қазақстан, Талдықорған облыстарына» қоныстанады. Бірін-бірі аңсап көріскен ағайындар армансыз араласады. Елмен елдің қосылғанының арқасында Қазақстанда колхоз-совхоздар кеңейе бастады. Бір мысал Семей облысында «Жарбұлақ совхозы» гүлденіп өсе бастады. Бұрын ертеректе ел қоныс аудармай тұрғанда «Пламя Революции» колхозының бір бригадасы ғана еді. Міне сол бригададан атақты совхоз негізі қаланып, Қазақстан бойынша «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды. Сол сияқты тағы басқа көптеген колхоз-совхоз бой көтерді. Осындай мысалдар жетерлік. Бүгінгі таңда осы қоныс аударған ағайындар ұрпағы миллионнан асады. Бүгінгі күні солардың арасынан қаншама саясат пен қоғам қайраткерлері, өнер, мәдениет, әдебиет майталмандары мен ғылым мен білім-ағарту салаларының қызметкерлері шығып Қазақстанның жан-жақты дамуына өз үлестерін қосып отыр. Кейін Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов бұл оқиғаларға «Бұл қазақтың сұйылып бара жатқан қанын қайта қоюлатқан құбылыс болды», — деп баға берді.

Бұл Қабдеш бауырымыздың ел-жұртына Қазақ халқына сіңірген үлкен еңбегінің бір жартысы ғана. Оралман ағайындары олжалы орналасқаннан кейін, Қабдеш Жұмаділұлы бұрын 2 курсын бітірген университетіне оқуға қайта кіріп 1965 жылы үздік аяқтап шығады. Ертеректен жазушы болу асыл арманы болған Қабдеш «Қазақ әдебиеті» газетіне тілші болып қызметке орналасады.

Қарымы қарышты жас тілші қаламынан туған тәлімді туындылар жақсы нәтижелерге жетелейді. Бірақ әдебиетке келген жас жазушыны қызғаныштан аяқтан шалушылар, көре алмайтындар шаш етектен болса да Қабдештей «алмас қылыш қап түбінде жата ма»?! Жоқ, жатпайды. Не тесіп шығады, не есіп шығады! Кейін де оның «мұзжарғыш» боп атануы да тегін емес.

Міне осындай өмірдің тар жол тайғақ кешуін өмір сынағы ретінде басынан кешіре жүріп «Соңғы көш», «Дарабоз», «Сар жайлау», «Таңғажайып дүние», «Жан мен Тән», тағы басқа оншақты роман жазады.

Жалпы Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың қаламынан 10 роман, 21 повесть, 70-тен астам әңгіме туды. Ал, оның Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік өмірге арналған публицистикалық мақалаларының өзі бірнеше томға жетерлік дүние. Ол шығармалары жиырма томды қамтитын мол мұраны қазақ әдебиетінің алтын қорына сыйлаған классик, сарабдал сөз зергеріне, қазақтың ұлы жазушысына айналды. Оның ұлтымыз бен ұлысымыз, тіліміз бен діліміз, дініміз үшін басын бәйгеге тігіп, тарихымызды қара күйеден тазартып, елдік рухымызды көтеру жолында жасаған жанкешті еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Өйткені оның барлық шығармаларының негізінде ел тағдыры, әділдік пен адалдық идеялары жатыр. Жазушының бұл ұстанымдар ҚР Президенті Қ-Ж.К. Тоқаевтың жаңа Қазақстан концепциясымен толықтай ұштасып жатыр.

Ел тағдыры, жер тағдыры басты тақырыбына айналған Халық жазушысы Ұржар, Тарбағатай, Аягөз, Зайсан аудандарының және Алматы қаласының Құрметті азаматы.

Өмірлік жары Сәуле жеңгемізден төрт ұл, Ерке деген қыз баланы сүйіп мәпелеп өсірді. Бірінші немересін, Баймұрат атты шөбересін артынан туған ұрпақтарын көріп өмірден өтті.

Міне бүгінгі таңда Қабдеш ағамыз тоғыз жолдың торабы Алматы, Аягөз, Шәуешек-Бақты, Үржар тас жолының бойында тыным алып, мәңгілік мекенінде жатыр. Егер тірі болса 2026 жылы 90-ға келген болар еді.

2026 жылы Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың 90 жылдығына орай ұлт мақтанышына айналған ғұлама жазушының әдеби еңбектерін еліміздің, әлемнің қалың оқырманына кеңінен насихаттап, азаматтық тұлғасы мен ізгі істерін өскелең ұрпаққа үлгі етіп, жазушының есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында әр-түрлі іс-шаралар, мәдени-ағартушылық нысандарға Халық жазушысының есімін беру мәселесі өкімет тарапынан да арнайы қаулымен қолға алынып 84 іс-шара жоспарланған екен.

Соның бір көрінісі ретінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхана мен Қазақстанның кітапханалар қауымдастығының ұйымдастыруымен «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясын өткізуге Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы таңдалды.

Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовке деген Абай облыс халқының разылығы мен сүйіспеншілігінде шек жоқ. Бұл жазушының көзі тірісінде әр жерде «Қабдеш бұлағы», «Қабдештің төбесі» т.б. сол сияқты халықтың өз ықыласымен берген атаулар дәлел. Осыған байланысты ұлт мақтанышына айналған ғұлама жазушының әдеби еңбектерін еліміздің, әлемнің қалың оқырманына кеңінен насихаттап, азаматтық тұлғасы мен ізгі істерін өскелең ұрпаққа үлгі етіп, жазушының есімін мәңгілік есте қалдыру мақсатында Абай облысында аудан, мектеп, кітапхана, көшелерге Қабдеш Жұмаділовтың есімін беретін кез келді. Бұл елді мекендердегі көшелер мен мәдени-ағарту нысаналарына Халық жазушысының атын беру қолданыстағы ономастика саласындағы заңнама шарттарына толық сәйкес келеді.

Осы орайда айта кетейін, біз Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовке арнап халық арасында «92» атанып кеткен, бүгінгі күні «Қабдеш бекеті» аталатын, жазушының өзі жатқан ақ күмбезінің алдына халықтың ықыласымен және кәсіпкер азаматтардың қолдауымен бюджеттен тыс қаржыға арнайы ескерткіш қоюды қолға алайық деп отырмыз. Тек Табағатай аймағының ғана емес бүкіл Қазақстан халқының тарихи тағдырына, тұлғаларына өшпестей кітаптан ескерткіш тұрғызған Халық жазушысына тастан ескерткіш көтеру біздің парызымыз.

Осыған байланысты Абай облысы басшылығынан сұрайтынымыз Қабдеш Жұмаділов күмбезінің алдына ескерткіш тұрғызуға рұқсат беретін тиісті шешім шығарылып қаулы қабылданса бұл Халық жазушысының қалың оқырмандарының разылығына бөленіп қана қоймай бүкіл облыс жұртшылығының рухани дүниесін жаңғыртуына үлкен серпін берер еді. Бұл бастаманы жазушының есімін ерекше құрметпен қабылдайтын Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының халқы түгел қолдайтыны сөзсіз.

Игі, сауапты бастаманы Тәңір жарылқап, аруақ қолдасын! Жасаған амалдарымызға Алла разы болсын!

Құдыш Құдайбергенов,

Майбұлақ шаруа қожалығының директоры