Астанада жаңадан құрылған "Әділет" саяси партиясының құрылтай съезі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мыңға жуық делегат бірауыздан партия құру туралы шешімді қолдап, оның жарғысы мен саяси бағдарламасын бекітті. Сондай-ақ басқару органдары мен төрағасын сайлады. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқи аласыздар.

"Әділет" партиясының құрылтай съезі – жаңа саяси құрылымның алғашқы ресми жиыны. Залға Қазақстанның барлық өңірінен 931 делегат жиналды. Съезд кворумды растаудан және жұмыс органдарын — есептеу, мандаттық және редакциялық комиссияларды, сондай-ақ хатшылықты сайлаудан басталды.

Делегаттар партия құруды бірауыздан қолдап, оның ресми атауын "Әділет" саяси партиясы" қоғамдық бірлестігі деп бекітті.

Фото: "Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Съезде партия жарғысы мен саяси бағдарламасын қабылдау сынды басты шешімдер жүзеге асты.

Партия бағдарламасы неге негізделген?

Жаңа партия бағдарламасы "Әділетті Қазақстан" идеясына, яғни мемлекет әр азамат пен бизнес үшін тең мүмкіндіктерді, адал еңбекті қолдауға және ашық ережелерді қамтамасыз етуге тиіс деген тұжырымға сүйене отырып жасалған.

Бастамашыл топ мүшесі Марат Шибутов "Әділет" партиясы атауының өзі айтып тұрғандай, жаңа Конституцияның құндылықтарына сүйенетінін және қоғам алдында нақты міндеттемелер алатынын мәлімдеді. Негізгі құндылықтар қатарында — әділдік, патриоттық, еңбекқорлық, жауапкершілік және ілгері даму бар. Ол сондай-ақ партияның немен күресетініне де назар аударды.

"Біз популизмге, құр әурешілікке және жауапсыздыққа қарсымыз. Бос ұран емес, нақты нәтижелер қажет. Экономикада партия монополияға, шикізатқа тәуелділікке және мағынасыз шығындарға қарсы шығып, шағын және орта бизнес пен адами капиталға сүйенуге үндейді. Әлеуметтік салада мұқтаждарды қолдауды еңбек мәдениетімен және жауапкершілікпен ұштастыру маңызды. Ал қоғамның дамуы заңға, өзара құрметке және азаматтық келісімге негізделуге тиіс", — деді саясаттанушы Марат Шибутов.

Оның айтуынша, "Әділет" өзін жекелеген топтарға емес, бүкіл Қазақстанға бағытталған центристік партия ретінде танытады.

"Соңғы уақытта құрылған партиялардың көбі белгілі бір ортаға ғана бағытталған болатын. Біз болсақ, Қазақстандағы барлық аудиторияға жұмыс істейтін партиямыз, өйткені қашан да әр адамға әділдік қажет. Бұл — біздің басты айырмашылығымыз. Оған қоса, біз — центристерміз, оңшыл да, солшыл да емеспіз, қандай да бір факторларға қарамастан барлығы үшін жұмыс істейміз. Меніңше, сайлаушыларға, әсіресе сайлауға енді қатысып жатқан жастарға ең тиімді ұсыныс бізде", — дейді ол.

Партияның ұйымдастыру комитетінің уәкілетті тұлғасы Рауан Кенжеханұлы партияның құрылуын Қазақстанның жаңартылған Конституциясының құндылықтарымен байланыстырды.

"Референдумда қабылданған жаңа Конституция — бұл тек негізгі заң емес, бұл мемлекет пен азаматтар арасындағы қоғамдық келісім, әділдік, заңдылық және тең мүмкіндіктер туралы келісім", — деп мәлімдеді ол.

Оның сөзінше, партия осы қағидаларды күнделікті өмірде іске асыру құралы ретінде құрылып отыр.

Партияны кім басқарады

Айбек Дәдебай
Фото: "Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Партия төрағасы болып бұған дейін білім беру, дипломатия және мемлекеттік қызмет салаларында еңбек еткен мемлекет және қоғам қайраткері Айбек Дәдебай бірауыздан сайланды.

Делегаттар алдында сөйлеген сөзінде ол партияның алдағы жұмысының басты қағидасын айқындап берді.

"Партиямыздың алдағы жұмысына заң мен тәртіп қағидаты негіз болмақ. Дәл осы негізгі қағидат жаңа мемлекеттік идеологияның, Әділетті Қазақстан құрудың түпкілікті табысын айқындайды. Адамдардың заңның күшіне деген сенімі – мемлекеттің басты ресурсы және тірегі", — деп мәлімдеді Айбек Дәдебай.

Оның айтуынша, партияның міндеті — әділдікті елдің саяси мәдениетінің бір бөлшегіне айналдыру.

"Біздің міндетіміз — әділдік идеологиясын саяси мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналдыру. Әділеттілік ұлттық менталитеттің айрықша белгісі болуға тиіс", — деп атап өтті ол.

Сонымен бірге партия өкілдері бұл бірлестік жеке адамның амбициясы емес, қоғамның әділдікке деген сұранысы негізінде және саяси мәдениетті жаңарту мақсатында құрылып жатқанын мәлімдеді.

Жарғыда не жазылған

партия
Фото: "Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Съездің жеке бір блогы партия жарғысын бекітуге арналды. Құжат 18 бөлімнен тұрады және басқару жүйесін, ішкі бақылауды және партия жұмысының қағидаттарын айқындайды. Партия тиімділік пен демократияны ұштастыратын модельді ұсынады.

"Әділет" өкілдерінің айтуынша, партия жабық құрылым емес, "тірі, дамып отыратын ағза" болады. Өңірлерге ерекше көңіл бөлінбек, өйткені нақты күн тәртібі дәл сол жерде қалыптасады. Сондықтан бастауыш партия ұйымдары партия құрылымның негізіне айналады.

Цифрландыру және технологияға басымдық беру

партия съезі
Фото: "Әділет" партиясының баспасөз қызметі

Партияның ерекшеліктерінің бірі – цифрлық платформа болды. Ол арқылы партия қатарына өтуге, ұсыныстар жасауға және қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылауға қатысуға болады.

Партияның цифрлық қадамдары туралы "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин пікір білдірді.

"Бірер минут ішінде бірнеше мәрте басу арқылы саяси қозғалыстың мүшесі болуға мүмкіндік беретін мұндай бастаманы бұрын-соңды көрмегенмін. Бұл тұрғыда партия цифрландыру және жасанды интеллектпен "дос" екенін көрсетті. Бұл маған ұнап отыр", — деп атап өтті ол.

Мусиннің айтуынша, партия жаңа Конституцияда жазылған ғылымды, технологияларды және жасанды интеллектті дамытуға қатысты жаңа мәндерді айқындайды.

"Бұл — инновация мен юриспруденцияны дұрыс ұштастырып, заңнамалық ресімдеу мен жаңа технологияларды дамыту бойынша үйлесім таба алатын партия", — деді ол.

Партия бағдарламасында цифрландыру ғылым, білім беру, денсаулық сақтау және креативті экономика салаларын қолдаумен қатар мемлекетті дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетілген.

Бұл идеялар қазақстандықтардың жүрегінен орын тауып үлгерді: цифрлық сауаттылық іске қосылған 30 сәуірден бері http://adilet-partiyasy.kz партияға кіруге 9000-нан астам өтінім берілген.

Съезді қорытындылай келе, партия басшылығы "Әділет" өз жұмысын ашықтық, сайлаушылар алдында жүйелі түрде есеп беру және шешім қабылдауға азаматтарды қатыстыру қағидалары негізінде құруға ниетті екенін мәлімдеді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз