Тәуелсіздік мерекесіне орай 15 желтоқсан күні Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Сарыөлең ауылында жаңадан салынған мектептің салтанатты ашылуы өтті.

Маңызды шараға облыс және аудан деңгейіндегі өкілдер, білім саласының басшылары, мәслихат депутаттары мен партия өкілдері қатысты. Қонақтар жаңа білім ордасының ғимаратымен танысып, материалдық-техникалық базасын көрді, оқушылармен еркін форматта жүздесті.

Сондай-ақ мереке аясында мектеп жанындағы балабақша тәрбиеленушілеріне арнайы сыйлықтар табысталып, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйланды. Заманауи талаптарға сай салынған мектеп ауыл балалары үшін қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырып отыр.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев жаңа мектептің маңыздылығына тоқталып өтті:

"Бұл мектеп – ауылдың әлеуметтік дамуына серпін беретін маңызды нысан. Қысқа мерзім ішінде, небәрі 8 айда бой көтерген білім ордасы – мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп отырған нақты қолдаудың нәтижесі. Мұнда оқитын балаларға сапалы білім алып, өз әлеуетін толық ашуға барлық мүмкіндік жасалған", – деді ол.

Айта кету керек, мектеп құрылысы биылғы жылдың сәуір айында басталып, небәрі сегіз айдың ішінде толық аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл – жоспарлы жұмыстың, жүйелі бақылаудың және нақты нәтижеге бағытталған еңбектің айқын көрінісі.

Жаңа мектеп – ауылдың келешегіне, жас ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған маңызды инвестиция. Тарбағатай ауданында білім саласын дамытуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

ШҚО әкімдігі ұсынған материал

Logotype Massaget