Осыдан отыз тоғыз жыл бұрын Алматыда басталып, екі күн бойы айдай әлемнің назарын айрықша аударған тарихи оқиға – Желтоқсан көтерілісі туралы билікті жан таппай тықыршытып, тыншытпаған ең үлкен сауал осы болатын. Әйгілі ақындарымыз Мұхтар Шаханов пен Қадыр Мырзалиев екеуі төрағалық еткен Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссиясы сол кездің деңгейінде жұмыс істеді. Қазақ халқына қарсы жасалған қанды қасіреттің болуына басты себепкер Горбачевтің билігі өз дегенін істеп тұрған жүйеде одан басқадай болуы әсте мүмкін емес еді.

Демек, комиссия мүшелері қанша ышқынып ұмтылса да, сол уақыттың атауымен ауызға алсақ, Желтоқсан оқиғасының ақиқаты жарым-жартылай ғана ашылды. Соған қарамай, осы орайда баса айтатын нәрсе, Қазақстанның астанасы Алматы мен басқа да қалаларымызда орын алған қазақ жастарының әрекеті ұлтшылдықтан аулақ екендігі нақты көрсетілді. Одан кейінгі ақиқат уақыттың еншілі ісі екен. Уақыт бәріне төреші екендігін, кім қандай биік дәрежелі адам болса да, құпиялап, тұмшалаған өмір шындығы түбі бір айтылмай қалмайтынына көзіміз жеткен үстіне жетіп келеді. Мәселен?..

«Ешқандай қатысым болмағанына қарамастан «Алматы оқиғасын» басты ұйымдастырушылардың бірі деп мені нысанаға алды. Түп етектен шап беріп ұстаудың небір айла-шарғылары жасалды. Алақанына түкіріп қойып, «қап, бәлем, қолға бір түсерсің» деп емексігендердің бірі Колбиннің өзі», – деп жазады Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев «Өтті дәурен осылай» атты мемуарлық кітабында.

Заманының заңғар тұлғасы болған Димекең мәңгілік ұйқыда. Алайда айтарын айтып кетіпті.

«Оқиғаның өршіп, осыншалықты белең алуына ең басты себеп Қонаевтың алаңға барып, жастар алдында сөйлемеуінен дегенге иек артумен болды... (Қажетті жерлерін ғана қысқартып беріп отырмын. Авт.) Тек бұл ғана емес, республика партия ұйымының өмірінде орын алған қандай келеңсіз құбылыс болса, соның бәрін жиып-теріп әкеліп, тек менің басыма үйіп-төгуге тырысты... Колбин өтірікті шындай, шындықты құдды расындай ғып бұрмалауға барды. Оның айтуына қарағанда, мен Саяси бюродан Қазақстанға қалайда Орталық Комитеттің бірінші хатшылығына ұлты орыс адамды ұсынуды және оны тек республикадан тысқары жерден алып баруды сұраппын...»

Міне, осы сөзді КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.С.Горбачев та айтады. Алайда ақиқат басқаша екенін тағы да Димекең айтып та, жазып та жазып кеткен. Бас хатшының кабинетіне ең соңғы рет, қызметтен босату туралы өтінішін жазып барып, орнынан тұра алдында менің орныма кім болады деген сауалын беріп, тамырын басқанда, мұрнымен көк тіреп тұрған Горбачев «ол жағын бізге тапсырыңыз» демей ме?

Содан көп ұзамай, небәрі он сегіз минутқа созылған Қазақстан КП Орталық Комитетінің пленумынан кейін Д.А.Қонаев саясат сахнасынан біржола шеттетіліп қана қоймай, үйқамаққа алынды. Журналистерді жібермеді, ешкіммен араластырмады. Тіпті бұрын үйінен шыққысы келмейтіндердің өзі кесірі тиіп кетер деп барудан, көзіне көрінуден қашты емес пе?!

Ал, енді тағы да қастерлі, айнымайтын ақиқатқа бас иіп көрсек, не дер екен?

«...Шілде айында бәріміз депутатпыз. Мирошхин, Назарбаев және мен. Сессияда отырмыз, бір уақытта бір офицер келді. «Сіздерді Горбачев шақырып жатыр» деді. Бізді сессиядан алып кетті. Назарбаев, Мирошхин, мен – үшеуміз бардық. Горбачевтің қабылдауында адам көп екен. Обкомның, ОК-тің бірінші хатшылары жүр. Сөйлесіп тұрмыз. Бір уақытта бір ірі кісі келіп: «Сәлеметсіздер ме, мен Колбинмін, Ульянов обкомының бірінші хатшысымын», – деді. Ойымызда ештеңе жоқ, амандасып тұра бердік. Ол кетіп қалды, – дейді «Жұлдыздыр отбасы АҢЫЗ АДАМ» журналының Бас редакторы Жарылқап Қалыбайға берген сұқбатында Зақаш Камалиденов. – Горбачев бізге Димаш Ахметұлының өзінде болғанын, «Тағы бір миллиард астық берейін, сосын зейнетке кетем» дегенін жеткізді. Кейін ойлап отырсам, Горбачев сол кезде бізді бекер шақырмаған сияқты. Колбинді көрсін деп шақырған болу керек. Демек, Колбинді Қазақстанға жіберуді сол кезден ойластырған болу керек».

З.Камалиденов сұқбатта осылай десе, асықпай, он ойланып, мың толғанып жазған кітабында: «1986 жылы шілдеде біздерге Г.В.Колбинді атүсті таныстырғанын жоғарыда айтып өттім. Бұл нені көрсетеді? Жарты жыл бұрын әбден ойластырылған Горбачевтың жоспары екенін көрсетеді», – дейді айтар сөзін әбден нықтай шегелеп.

Осы жерде балталасақ та кетіре алмай, кейінгі ұрпақтарымыз да оқып білетін нән шындық, ол – Дінмұхамед Қонаевтың республика бірінші хатшылығына ешкімді сырттан әкелу керек демегендігі. Солай деу былай тұрсын, көкейінде ондай ойдың қиқымы болса, онда Колбинге деген ықыласы басқаша болмас па еді?.. Ол кісінің М.С.Горбачевтің ақырғы қабылдауына барған кезінде «менің орныма кім болады?» деуінде де осындай сыр бар. Әйткенмен кімді ұсынатыны айтылмай ішінде кетті. Өйткені, КСРО-ны басқарып отырған генсек солай деп ашық айтпаса да, «онда сенің шаруаң болмасын» дегенді анық аңғартты емес пе?! Міне, осыдан кейін де, «Қонаевты жазықсыз жазғырып, бірінші хатшыға басқа республикадан салт-дәстүр, ерекшелігімізді, әкономикамызды білмейтін бөтен ұлт өкілінің келуіне байланысты кінәлайтын көкезулер сол «әуендерін» ауыз жаппай айта берер ме екен?» дей отырып, республикалық «Бірлесу» газетінің 1990 жылғы 27 қыркүйек, 5, 8 қазан күндердегі санында басылған Нина Савицкаяның «Күнгей мен көлеңке» дейтін мақаласының мына бір тұстарын назарларыңызға ұсынайын. Ол былай басталады:

«Автордан:

Бұл туралы сәл ертерек жазу керек еді.

Жаздым.

Еш жерде басылмады.

«Саяси өлікті (Димекеңді айтқаны. Т.А.) орнынан бекер қозғалтасың, бұл Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне берген көмегің бе?» деп бүйірлеп те жатты.

Меніңше, көмегім тиді. Ақиқат жарыққа шықты – одан артық маңызды нәрсе бар ма!

...Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың үйіне Андрей Григорьевич Статенин мен Мырзавай Ильич Акуевтың «қылмыстық істерін» қозғағаннан кейін ғана кіруге мүмкіндік алдым. Бұл істер мені өзінің жалтаңдығымен таңдандырған еді. Мен сонда ғана желтоқсан оқиғаларының «инициаторлары» жөніндегі айыптаулар да бос сөз емес пе екен деп ойладым...» (Алматы 1986 Желтоқсан, 1 том, 152, 153 бет)

Өтірік өрге баспайды! Алайда «күштінің к...і диірмен тартса, қиын-ақ. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бұрынғы іс басқарушысы А.Г.Статенин аса ірі мөлшерде социалистік меншікті талан-таражға салғаны және ұрлағаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Партиядан шығарылды. Ол қамауда жүргенде әйелі өз-өзін өлтірді. ССРО Прокуратурасы бұл қылмыстық істі қадағалау мақсатында қарап, үкімге наразылық білдірді. Екінші наразылығынан кейін ғана Андрей Григорьевичке республика прокуратурасы кешірім жасады. Желтоқсан оқиғасын ұйымдастыруға қатыстылығы анықталмады.

Күзет дивизионының бастығы Мырзавай Ильич Акуев 4 жылға колонияға кесілді. Ол да анықталмады...

Димекеңді қайткенде де қылмыскер ету үшін, Горбачевтің құптауымен Колбиннің қолға алған «Казахское дело» ісі бойынша қамауға алынған туған құдасы Асанбай Асқаров Мәскеудің «Матросская тишина» түрмесінде төрт жылдан астам уақыт отырып, Қырғызстан Республикасы Президенті Асқар Ақаевтың араласуымен ақталып, бостандыққа шықты.

Д.А.Қонаевтың өзі көп айлар бойы тергеуге алынды. Не жеке басында жиған дүние-байлығы, банктерде миллиондаған демей-ақ қояйын, артық ақшасы жоқ, кіршіксіз тазалығымен істі жүргізген генерал-майор Калиниченконы қайран қалдырады. Украиналық танымал журналист Дмитрий Гардонның ютуб арнасында жүргізген сұқбатында ол осыны айтып, кеңестік замандағы қаншама КОКП ОК Саяси бюросы мүшелерімен сөйлестім, бірақ солардың бір де бірі Қонаевпен теңдесе алмайтын еді деді.

Сол Димекең атамыз: «1987 жылдың басында КОКП Орталық Комитетінің пленумы өтті. Оған мен қатысқаным жоқ, әйтсе де зейнет демалысына шығуыма байланысты Саяси бюро мүшесі міндетінен босату туралы шешім қабылданды. Келесі, маусым айындағы пленумда Горбачевқа түскен біржақты және ақылға қонбайтын жөнсіз айыптаулардан кейін мен КОКП Орталық Комитетінің құрамынан шығарылдым», – деп жазады «Өтті дәурен осылай» кітабында. Оған ол кісі қатысады. Сөз алады. Көп жыл Орталық Комитеттің мүшесі болғандығы үшін ризалық лебізін білдіреді де. Ал одан кейін не дегенін, болған оқиғаны не өзінің, не тікелей қатысушы кісілердің аузынан естімедік деп жүргенде...

– Бір жылы Қонаев атындағы университетте Димекеңді еске алуға байланысты басқосу болды, – дейді «Казахское дело» деген атпен бес том кітап жазған жазушы Көлбай Адырбекұлы. – Одан соң біраз кісіге шәй берілді. Бәрі ел білетін, Димекеңмен жақын араласқан адамдар. Ішімізде Мәскеудегі елшілік өкілдігінде жауапты қызмет істеген Сәбит Жаданов ағамыз да бар. Бір кезде қозғалақтап, «ойыма бір нәрсе оралды, соны айтсам ба екен, әлде айтпасам ба» деп еді, бұл жәй әңгіме еместігін сезгендіктен «айтыңыз, айтыңыз» дедік жамырасып.

«Желтоқсан оқиғасы жөніндегі ауыр әңгіменің әлі саябырсымай, Колбин бастаған топтың ауыздарынан отты жалын атып тұрған кезі. Дінмұхамед Ахметұлы әлгі разылық лебізін білдірді де, бар назарын төралқаның ортасында отырған Горбачевқа бұрып:

– Қымбатты Михаил Сергеевич! – деп кішкене кідірді. – Сіз Алматыдағы жастар наразылығын кім ұйымдастырды деп едіңіз ғой. Оны ұйымдастырған екі адам осы залдың пәленшесінші қатарында, пәлен нөмірлі орындарда отыр, деп екеуіне жүзін бұрып, бүкіл елдің назарын аударып Назарбаев пен Камалиденовты атады. Зақашқа қалай әсер еткенін білмеймін, Нұрсұлтанның қан қысымы көтеріліп, дереу дәрігерлер келіп, оны залдан алып кетті...» – деген қысқа ғана естелікпен сөзін бітірді.

Мен осы әңгімені естігеннен кейін: «Көлаға, Сәбит Жаданов аға бұдан басқа да біраз жайды білетіні анық қой, оңаша сыр тартып сөйлесудің сәті түспеді ме?» деп сұрап едім, ол кісі: «Ойымда болды. Бірақ, осындайда ештеңені қалдырмайтын мен, сол уақытта бір жағдайлар киіп кетті де, өткізіп алдым. Жасы келген кісінің өмірден озып кеткенін бір-ақ біліп, санымды соғып қалдым», – деді.

Желтоқсан – қазақтың қасіретті тарихы. Тарих деген орасан ауқымды қамтып, өшкенді жандыратын ғылым. Ал Желтоқсан күні кеше ғана болған, күллі әлемдік мәні зор ұлы оқиға. Бірақ оны осыған дейін оқиға деп елеусіз сипат берген горбачевтік сайқал саясат. Біздің биліктің соған қатты шырмалғандығы сондай, бір жылы халықаралық ғылыми конференцияны Астанада әзер өткіздік. Қала әкімшілігі айлар бойы әншілер ән салатын «Конгресхолды» береміз деп, ертең жиын өтеді деген күннің түнгі онына дейін созып, алдады. Содан үлкен мейрамханада өткізуге мәжбүр болғанымыз осы күнге дейін есіме түссе, сол кездегі билік басында отырған бірінші кісіден (НӘН) бастап, одан кейінгі намыссыз басшысымақтардің бәрі-бәрін жаман сөзімнің жеткенінше сыбаймын. Сендерді сексен алтының желтоқсанында алаңға шығып, қан төккен, жан бергендердің аруағы атсын деймін. Қайтейін...

Сол ғылыми конференцияға ондаған елден тарихшы ғалымдар, саясаткерлер, елші болып қызмет істеген мемлекет қайраткерлері қатысып, Желтоқсан бүкіл ғылыми өлшемдері бойынша көтеріліс деп, жиырма алты пункттен тұратын шешім қабылдап ҚР Үкіметіне жіберді. Өкініштісі, олар сол тарихи маңызы зор халықаралық конференцияны өткізуге қандай жымысқылықпен қарсы әрекет жасаса, оның шешімін жариялату былай тұрсін, өткендігі жөнінде мерзімдік басылымдар мен теле-радиоға хабар да бергізбеді.

Иә, айналайын оқырман, сонда Желтоқсан санаулы кісілердің ғана санасында қалған көтеріліс пе?..

Егер солай десек, сол санаулылардың арасында саңлақ шыққан бір азамат ерекше тұлғаланып көрінеді. Ол осыдан отыз алты жыл бұрынғы көтеріліске байланысты мемлекеттік комиссияның бүкіл ісін құқықтық тұрғыда жүргізуге белсене қатысқан заңгер, мемлекет, қоғам қайраткері Сабыр Ахметжанұлы Қасымов. Сәкең сонымен бірге сол тарихи оқиға – көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі. Осы сөзімді нақтылау үшін өзім құрастырып, жауапты шығарушы және авторларының бірі болған «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарының екінші томындағы тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиевке берген сұқбатындағы сөздеріне жүгінейін.

«Айтпақшы, 1986 жылғы желтоқсанның 14–15-і күндері өзім танитын ғалымдармен, журналистермен, үйімнің қасында жатақханада тұратын жұмысшылармен кездестім. Олардың бәріне «ертең Қонаевты орнынан алады, бірінші басшыға Ресейдің бір обкомының жетекшісін әкеліп қояды» деп айтып шықтым. Кездескендерімнен: «Енді мынадай жағдайда не істеуге болады?» – деп сұрап жүрдім. Сөйлескен кісілерімнің бәрі дерлік мұндай тағайындауға үзілді-кесілді қарсы екенін білдіріп, бірақ «бізді тыңдап жатқан кім бар? Қолымыздан не келеді? Бізден кім сұрасын?» деген мазмұндағы шарасыздық көңіл-күйлерін білдіріп жатты. Әлі есімде, бір жұмысшы ғана қарсы екенімізді білсін, «көшеге шығайық» деген пікір айтты. Кейбіреулері мұндай мәселе қоюдың қауіптілігін ескертіп, сақтандыруды да ұмытпады. Адамдардың көңіл-күйін, көзқарасын сол сәтте білу мен үшін аса қажет болды. Олар болған жайды қалай қабылдады, не ойлады? Оларға «қандай да бір жиналыстар өткізейік, өтініштер жасайық, ғалымдар мен жазушылардың отырыстарын ұйымдастырайық, қандай түрде болса да өз қарсылығымызды білдірейік, үндеу жасайық» деген мазмұндағы ұсыныстар айта бастадым.

Интеллигенция, зиялы қауым, халықтың білімді де ойлы бөлігі билікке Колбиннің келуінің соңы жақсы болмайтынын түсінеді деп үміттендім және олар қандай да бір шаралар қарастырып жатқан болу керек деп ойладым. Алайда мен қатты қателесіппін, мен білетіндердің көбі үрейлі, жігерлі іске даяр емес, жалтақ, бой тасалағыш біреулер болып шықты. Мен тәуекелге бел буып барған жерімде сенімді деген кісілерге, таныстарыма ендігі уақытта «Қазақстанда отарлау мен орыстандырудың жаңа кезеңі басталатын болады, Қазақстанға одақтық мәртебесінен айырылуы мүмкін, ал жерін бөлшектеп, көрші республикаларға таратып беру қаупі төніп келеді. Колбинді ондаған жылға тағайындайды, ал осы мезгілде жаңаша міндеттер атқарылатын болады» деп айта бердім. Бірақ менің бұл пікірім естіген жандарға соншалықты қатты әсер ете қоймады. Ұлт зиялыларының ұйымдасқан қарусыз қарсылық көрсете алатынына ешқандай да сенімім қалмады, сондықтан «митингілер, шерулер өткізу үшін халықты көшеге шығару ғана қалды» деген шешімге келдім.

Әкемнің берген «Москвич» машинасымен (01-01 ТЮЦ – Ресейдегі Төмен облысының нөмірі) қаладағы түрлі аудандарда орналасқан жатақханалардың бірінен соң біріне бара бердім. Сақтық жасап, машинамды алыстау қойып, адамдармен дәліздерде немесе кіреберіс есік алдында жолығып, өзімнің хабарым мен өтінішімді қысқаша айта бердім. Озбырлыққа қашанғы көнуге болады? Ештеңеден қорықпаңдар! Ештеңе де болмайды! Бұл әр азаматтың конституциялық құқығы. Халқым деген отаншыл азаматтар сағат 8–9-дан бастап алаңда болады. Келіңдер! – деп айта бердім. Түн жарымына дейін студенттер мен жұмысшы жастардың 20 шақты жатақханасын аралап шықтым. Үйге тек таң ата келіп, төсегіме жаттым.

Таңертең бір жоғары оқу орнының оқытушысы телефон шалып оятты. Ол толқулы үнмен Орталық комитет ғимаратының алдында шеру өтіп жатқанын хабарлады. Сол сәтте мен бақыт дегеннің не екенін шын сезіндім, «қазақ деген халық бар екен-ау» деп көңілім марқайды. «Жарайсыңдар! Әйтеуір шықтыңдар-ау! Енді ешкім ешқашан да қазақты «мал», «мангүрт» деп айта алмайды!» Ең бастысы – алғашқы мақсатқа жеттік, халық наразылығын ашық білдірді! Меніңше, нақ сол сәтте ол жөнінде ешкім де ойланған жоқ. Жиналған көпшіліктің басында бір ғана «қазақтар Мәскеудің мазағына қарусыз қарсылықпен жауап берді, осы тұрған жастар – ұлт намысын сақтап қалушылар» деген ой бар еді. Сол шақта осы ой бәрімізге қуат беріп, шаттыққа бөлеп тұрды.

Алаңда тұрған мыңдаған адамның бейбіт наразылығы Мәскеуге, бүкіл саяси жүйеге, қазақ рухына, оның намысына сенбеген сатқындарға, көңілдерін күмән билегендерге, ұлттық идеяға – тәкаппарлық танытушыларға нақты да дәлелді жауап еді. Халықты алаңға намыс, ұлттық мүдденің ұзақ уақыт аяқасты болуы алып шықты...

...Қызметіме байланысты мен ОК ғимаратында жүрдім, соған байланысты көтерілістің саяси шын себептерін жасыру үшін көтерілісшілерді қылмыскер, басбұзар, нашақор, маскүнемдер ретінде көрсету жөніндегі шешім ең жоғары деңгейде, Мәскеуде қабылданғанын анық байқап жүрдім. Сондықтан да саяси талаптарды ашық жария ету қажеттігі айқындалды. Жастардың асығыс даярлаған ұрандары мен плакаттары қарабайырлау еді. Сондықтан да олардың біразын өзім даярлап, ұрандар мен үндеулерді желтоқсанның 17-інен 18-іне қараған түні жатақханаларға тараттым...

Көтерілістен соң ОК оған қатысушылар мен оны ұйымдастырушыларды іздеп табу науқанын бастап кетті, штабты Колбиннің өзі басқарды, ал оның күнделікті жұмыстарын ОК әкімшілік органдар бөлімінің меңгерушісі Ефимов жүргізді.

Түрлі мәліметтер осы штабқа түсіп жатты, олардың арасында ұйымдастырушылар туралы, атақты тұлғалардың, шенеуніктердің көтеріліске қатысы жөнінде арнаулы қызмет орындарының хабарлары да бар еді. Осы штаб, бейнелеп айтар болсақ, кімді жазалау, кімді ақтауды шешетін еді. Машинамды, сол арқылы менің кім екенімді анықтап алғаннан кейін арнаулы қызмет штабқа мен туралы ақпарат түсіреді. Онда «ҚКП ОК-нің бұрынғы қызметкері, қазір Қоғамдық ғылымдар академиясының тыңдаушысы Сабыр Қасымов Алматыға арнайы ұшып келіп, белсенділік танытып, көтерілісшілер жиналған жерде, жатақханаларда болған, яғни ұйымдастырушылардың бірі осы болуы ықтимал» деген мағынада пікір айтылады...

Ефимов бұл хабарды алғанымен, оған әрі қарай жол бермейді. МҚК басшылығына ескерту жасап, менің Мәскеуден оған (Ефимовтің өзіне) басқа мақсатпен келгенімді, көтеріліске ешқандай қатысымның жоқтығын ескертіп, өнбейтін іспен айналыспай, нағыз ұйымдастырушыларды табу қажеттігін айтады.

Үш-төрт күн өткен соң Ефимовке кіріп, конференция жөнінде есіне салдым. Ол мырс етті де: «Қайдағы конференция? Мәскеуге қайта бер, жігіттерге сәлем айт, мүмкін кейінірек ұйымдастырармыз», – деді. Содан соң кенеттен: «Сен 17–18 желтоқсанда не үшін жатақханаларды араладың? – деп қатқыл сұрақ қойды. – Тіпті, бірінші Алматыға, Рихард Зорге көшесіне дейін, ондағы жұмысшылар жатақханаларына дейін барыпсың. Онда не істеп жүрсің?» – деді. Абырой болғанда сол мезетте мені «кремлевка» құтқарды. Телефонның шырылы оның назарын өзіне аударып алып кетті. Ефимов сөзін аяқтаған кезде мен байсалды қалыппен, «ол жақта туыстарымды тексеріп, үйлерінен шықпасын деп қадағалап жүрдім» дедім.

Ефимов қоштасып жатып: «Әйтпесе, мұндағы адамдар сені халықты алаңға шығарушы, осы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылардың бірі жасағысы келіп еді», – деді. Оның мені үлкен бәледен құтқарғанын сыртқа шыққан соң барып түсіндім...

Сол күндері адамдар өздерін қалай ұстады дейсіз ғой? Шенеуніктер, әрине, бәрі емес, қудалау науқанына белсенді қатысып, халық мүддесі мен абыройын шімірікпей сатып, жаңа биліктің алдында жарамсақтанумен болды, зиялы қауым өкілдері, идеолог-ғалымсымақтар теледидар мен ақпарат құралдарында биліктің идеология саласындағы жолбикесі қызметіне жарыса араласып кетті. Желтоқсанның қолға түскен батырлары қорғансыздың күнін кешті. Олар әділетсіздіктің құрбаны болып жатқандарын түсініп, демдерін іштеріне тартып, бәріне шыдап бақты. Қыздар жылады, көмек сұрады, кейбіреулері «алаңға кездейсоқ келіп едім» деді. «Қазақстанның бірінші басшылығына Колбиннің тағайындалуына қарсылығымды білдіруге митингіге арнайы келдім», – деп қасарысқандар да болды...

Ойланып қарайықшы. Халық алаңға қарусыз, өз ұстанымын білдіруге шықты, – деп ойын түйіндейді С.Қасымов. – Халықтан әлдеқашан бөлініп, биіктеп кеткен билік қарапайым жұрттың бұл әрекетіне жоғарыдан, тоғышарлықпен қарап, арсыздықпен қарсы күш қолдану әрекетіне көшті. Ең алдымен бейбіт шеруге мүлдем басқа реңк беру, яғни оны қылмыстық іс ретінде көрсету жөнінде шешім қабылдады... Орталық бейбіт шеруді қазақ ұлтшылдығының әрекеті есебінде қабылдады. Ұлшылдықтың түп-тамырын «Алашордадан», жазушылардан, Олжастан іздеді. Арнайы қызмет орындары қазақ ұлтшылдары Алматыдағы балабақшаларға шабуыл жасап, жас сәбилерді өлтіруге дейін барды деген жалған ақпарат таратты...»

Бұл үзінділерді кітаптың 550–559-шы беттерінен іріктеп алдым. Көтерілістің жиырма жылдығы қарсаңында, «Жас Алаштың» 16, 21 қараша күндеріндегі сандарында ағынан ақтарылып берген сұқбаты еді. Көтерілістің 25-жылдығы кезінде Сәкеңнің өзімен оңаша кездесіп, сыр бөліскенде ол кісі Нұрсұлтан Әбішұлымен жүздескенін айтты. «Желтоқсан көтерілісі – қазақ жастарының ұлы ерлігі. Ондаған мың қыз-жігіттер қақаған аязда алаңда ұзақты күн тапжылмай тұрып, Алматының көшелерінде шерулеп жүріп ұлтымыздың абыройын аспандатты, намысымызды таптатпады. Соны ұйымдастырған едік қой. Осыны өз аузыңызбен айтсаңызшы» дедім. «Иә, дұрыс екен, айтамын, айтамын» деді. Бірақ айтпады» деген еді.

Неге айтпады?

Оның себебі, Н.Ә.Назарбаев қазақ жастарының алаңға лек-лек болып ағылуын ұйымдастыруға қалай әрекет етсе, оларды сапер күректерімен ұрып, қан-жоса қылуға, қасқыр иттермен талатуға, аяусыз қуалап, таратуға да дәл солай ерекше ықпал еткен адам. Дәлел керек шығар, ендеше ютуб арнасындағы қоғам белсендісі Уәлихан Қайсаровтың сөзін тыңдаңыз. Ол жай кісі емес, бір жылдары ҚР Парламентінің депутаты болған арлы азамат.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ жастарын дубинканың астына алып сабағандарын көргенде қарсылық білдіргенін, солардың жағында болғанын айтады.

«Это ужасный ложь!» – дейді У. Қайсаров. – Ол солай десе, дәл солай болған екен деуден кеттік қой. Желтоқсанның әңгімесін ашық айтатын да адамдар бар. Солардың бірі де бірегейі сол уақытта КСРО Компартиясының Бас хатшысы болған Михаил Сергеевич Горбачев. «Маған Алматыдан оқиғаның қалай басталғанын Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің кісісі хабарлады, – дейді. – Жаңа алаңға жастар жан-жақтан ағылып келіп жатыр. Олардың қандай мақсатпен жиналып жатқаны белгісіз деді. Содан кейін Назарбаев хабарласты. «Михаил Сергеевич, жағдай қиындап барады, әскер кіргізіңіз» деді. Алматыға, МҚК бастығы Мирошникке «не болып жатыр?» деп телефон шалдым. Соның айтуы бойынша, «Нұрсұлтан, осы қазір ғана МҚК адамымен сөйлестім. Соншалықты жау шаптыратындай ештеңе жоқ. Студенттер шыққан екен, қармен атқылапты. Мазасыздана берме» дедім. –Бұл менің емес, марқұм Горбачевтің сөзі. – Тағы біраз уақыттан соң «Михаил Сергеевич, дүкендерді қиратып, тонап, машиналарды өртеп жатыр!» деп шыдамсыздана хабарлады Назарбаев. МҚК басшысымен сөйлессем, ол алып бара жақан ештеңе жоқ дейді. «Нұрсұлтан, сабаңа түс, дүрліктіре берме, мен бүкіл жағдайды сұрап, біліп отырмын ғой» дедім. Бір сағат шамасынан соң ол тағы да хабарласып: «Михаил Сергеевич, біздің резиденцияға шабуыл басталды. Жан-жақтың бәрін қиратып бітті. Алаңдағы ғимараттардың әшекей тастарының күл-талқанын шығарды. Жастар тоқтаусыз ағылып келіп жатыр. Әскерді кіргізбесе болмайды», – деп дігерлеп талап ете бастады. «Нұрсұлтан, әскер, әскер дейсің. Елді тыныштандыратын күш өздеріңде де бар емес па? Соларды пайдаланыңдар», – деп едім, «Жоқ, Михаил Сергеевич, менің айтқанымдай әскерді кіргізбесеңіз, онда мен ештеңеге жауап бермеймін, бүкіл жауапкершілікті өзімнен алып тастаймын», – деді үзілді-кесілді.

Содан соң ғана «Алматыдағы жолдастар бар жауапкершілікті өз мойындарына алады, әскерді апарыңдар» деп, рұқсат бердім».

Міне, бұл – сенетін сөз! Мен Назарбаевтың айқандарына сенбеймін. Бұрын да сенбейтін едім, бұдан кейін де сенбеймін. Ол осындай өтірігімен өмірден өтеді, – дейді Уәлихан Қайсаров.

Қай қылмыскер өз қылмысын өзі мойындайды? Отыз жыл мемлект билігінде отырған, әлі де сондай ықпалынан айырылмай, тасада тұрып дегенін жасап жатқан Н.Ә.Назарбаев та солардың бірі! Мен осы материалы жазуға енді кіріскен кезде Желтоқсан қаһарманы Халелхан Әділханов журналист Қанат Тілеухановтың ақын, қоғамдық істерге белсене араласып жүретін Жұмаш Кенебаймен жүргізгін сұқбатының Назарбаевқа қатысты бір үзігін ватсабыма салып жіберіпті.

– Өмірден Марксизм-ленинизм идеясынан айнымай, коммунист болып өткен Серікболсын Әбділдин ағаман көп араластым. Ешкімге айта бермейтін сырларын айтушы еді, –дейді ол. – Серікболсын аға 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі кезінде Мәсеудегі елшілігімізде басшылық қызметте болды.

«Бір күні Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мәскеуге келді. МҚК мен Ішкі істер министрлігінің кісілері тергеуге шақырыпты, – деді Серікболсын аға. – Мен соған куәмін. Оның үстінен он екі томдық материал жиналыпты. Сексен алтының қарсаңындағы әрекеттерінен басталады. Кімдермен жолыққаны, кімге не дегені, қандай тапсырмалар бергені жазылған, Желтоқсан күндеріндегі оқиғалары да қалмаған. Қайткенде де билікке келу үшін жанталаса күрескені қолмен қойғандай қамтылыпты. Мен сол істердің бәрімен таныспын.

Ашығын айтқанда, Назарбаев тәуелсіздік үшін күрескен жоқ! Бар мақсаты бірінші хатшылық қызмет болды. Сол үшін жатақханаларға адамдарын жіберді. Ол осының бәрін білетін кісі ретінде көріп, мені жанына жолатпауға тырысты...».

Сонымен, аяулы оқырмандар, көтерілісті кімдердің ұйымдастырғандығы туралы жазбамды тәмамдауға таядым. Сабыр Ахметжанұлы Қасымов өзінің ұйымдастырушылардың бірі болғандығын жасырмай айтты. Мемлекеттік комиссия құрамында жұмыс істеген кезде оны айту – өз-өзіңді қылмыскер ретінде ұстап беру еді. Солай болғандықтан да ең негізгі ұйымдастырушылардың бірі болған Н.Ә.Назарбаевты көрсетуден қашты. Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы комиссиясының тұжырымдары мен ұсыныстары туралы қаулысында да аты аталмайды. Сүттен ақ, судан таза тұлға ретінде қалтарыста қалады.

Бірақ, иә, бірақ бұл қашанға дейін созылады? Ақиқат айтылмай қалмайтыны рас болса, оның заманы өтіп барады ғой, менің жалғастыра беретін айғақ-кітаптарымда көрініс табар деймін...

Алла амандығын берсін!

Талғат Айтбайұлы