Елордада «Женева-2» тұрғын үй кешенінің салымшылары уәде етілген баспанасына қол жеткізе алмай жүр.

Үлескерлердің арманындағы пәтерін күтіп жүргеніне 4 жылдан асты. «Құрылыс нысанының иесі «G-Park» компаниясы біржақты тәртіппен келісімді бұзып отыр», — дейді ашынғандар.

Зейнеткер Үрия Дәулеттің бар ойы — Астанадан баспаналы болу. Бұл арманын орындау үшін 2021 жылы сонау Орал қаласынан келіп, ипотекаға пәтер алу жөнінде шешім қабылдайды. Таңдауы «Женева-2» тұрғын үй кешеніне түседі. «G-Park» құрылыс компаниясымен құжатқа қол қойып, шамамен 3 млн теңге көлемінде алғашқы жарнасын төлеген. Компаниядағылар кейуанаға «2022 жылдың соңында пәтер кілтін аласыз» деп уәде еткен. Алайда бәрі тек сөз күйінде қалды.

Үрия Дәулет, Орал қаласының тұрғыны:

- Офисіне барып, «Біздің пәтер қашан дайын болады, қашан құжаттарды аламыз?» деген кезде бізге базадан қарап, «Сіз базада жоқсыз» деді. «Қалай біз базада жоқпыз?» деген кезде «Сіздермен келісім 2023 жылы үзілді» деді. Қалайша? Біз осы уақытқа дейін қоңырау шалып келдік. Бізге ешқандай хабарлама келген жоқ. Біз білмейміз де мұнда не болып жатқанын. Телефон соққан сайын, «күтіңіздер-күтіңіздер» деп айтасыздар деп едік. Бізді офистен шығарып жіберді.

Ал елордалық Жанар Рымбекова ауданы 40 шаршы метрге тең бір бөлмелі пәтерін алу үшін мүліктің толық құнын — 11 млн теңгесін төлеген.

Жанар Рымбекова, қала тұрғыны:

- Біз 2021 жылы «G-Park» компаниясына «Женева» үйіне жолдасыммен ақша жинап, 100 пайыз салдық. Алдын ала тапсырысқа қойдық. Содан бері 4 жыл өтті. Үйіміз жоқ. Ай сайын барып тұрамыз, «күтіңдер-күтіңдер, береміз» деп айтады. Үй эксплуатацияға берген соң, мына жерде басқа адамдар ремонт жасап кіріп жатқан соң, біз де қайтып бардық. Соңында бізге «ақшаларыңызды алып кетіңіздер» деген хабарлама берді. Қазір ол ақшаға үй келмейді.

Ашынған тұрғындар сотқа арызданған. Бірақ бірінші отырыстан-ақ жеңіліс тапты.

Әлия Сәрсенова, заңгер:

- «G-Park» кез келген тұрғынды таңдап, онымен біржақты шешіммен келісімді бұза салуды әбден әдетке айналдырып алған. Бірнеше жыл бұрын құйған ақшасын қайтарып, құтыла салады. «Пәтер деп жүргенде ақшамыздан айырылып қалмайық» деген көпшілік компания ұсынысына көнеді. Тәжірибеде бар нәрсе. Ал бұл тұрғындар мұнымен келіспейді. Өйткені 4 жыл бұрын салған жарнасының қазіргі құны бұрынғысынан әлдеқайда төмен. Бүгінгі бағамен пәтер алуға жарна ретінде де жетпейді.

«Женева-2» тұрғын үй кешенінің ауласына көз жүгіртсек, сыртқы және ішкі жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған. Ашық жатқан инженерлік желілер, қисайған бордюрлер. Бірақ осыған қарамастан компания үйді пайдалануға берген.

Тұрғындар қоныстанып үлгерген, тіпті астыңғы қабаттарда дәріханалар мен дүкендер ашылған. Алайда кейбір кіреберістерінде жөндеу жұмыстары толық аяқталмағанын байқауға болады. Оны мына қабырғаларына қарап аңғарамыз.

Алмагүл Қоңырбай, «G-Park» құрылыс компаниясының атқарушы директоры:

- «G-Park» компаниясы салымшыларының 90 пайызы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары. Бірақ кейбір талаптар күшейтілген соң, біраз адам бағдарламадан өте алмай қалды. Мәселен, «Женева-2» тұрғын үй кешенінде 692 пәтер бар. 260-тан астамы жоғарыда аталған бағдарлама бойынша сатылды. Оның ішінде бағдарлама талабына сай келмеген 12 салымшы бар. Олардың арызы бойынша сот отырысы өтті, бірақ біздің тарап жеңіп шықты.

Салымшылар келісім-шарт талабын бұздық деп санамайды. Соттың түсіндіруі бойынша шағымданушы тарап қажетті құжаттарды дер кезінде жинамай, кейбір міндеттемелерді уақтылы әрі жөнді орындамаған. Үлескерлер бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мерей Талап, Ділмұрат Сейдаханов