Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселесі жөнінде кеңес өткізді. Жиын қорытындысында бастаманың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізу жөніндегі орталық құрылатыны айтылды.
Кеңесте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізу, ағаш отырғызу, заңсыз қоқыс алаңдарын жою, қатты тұрмыстық қалдықтарды (ҚТҚ) өңдеу жобаларын жүзеге асыру туралы баяндамасы тыңдалды. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша сөз сөйледі.
«Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы кең ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Мәселе тек ағаш отырғызу мен қоқыс тазарту туралы болып отырған жоқ. Табиғатты қорғау идеясына бүкіл қоғамды біріктіру, жайлы да таза қоршаған орта қалыптастыру ісіне әрбір адамның белсенді қатысуы – біздің жұмысымыздың басты нәтижесі болуға тиіс. Табиғи байлықты сақтау, ауа мен судың тазалығын қамтамасыз ету, ресурстарды ұтымды пайдалану – алдымызда тұрған басым міндеттер. Мемлекет басшысының бастамасы экологиялық мәдениетті, сондай-ақ азаматтарымыздың күнделікті өмір салтын қалыптастыруға бағытталған тұрақты жұмыс», деді О.Бектенов.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл республика бойынша 1 250 экологиялық іс-шара өткізілді, оның қатарында аумақтарды жинау, көгалдандыру мен экологиялық ағарту жұмысы жүргізілді. 2,8 млн-нан астам ағаш отырғызылды, 1 млн гектардан астам жер тазартылды, шамамен 800 мың тонна қалдық жиналды. Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясының нәтижесінде коммуналдық шаруашылықтың жүргізіліп жатқан қызметімен бірге қалалар мен ауылдарда 3,8 млн ағаш егілді. Бүгінде жасыл желектің жалпы саны 18 млн-нан асты, бұл Президенттің биылға дейін елді мекендерде 15 млн көшет отырғызу міндетіне жауап болды.
Заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмысы жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдарымен бірге, 1 300-ден астам мобильді топ жұмыс істеп жүр.
Биыл ғарыштық мониторинг арқылы 3 833 полигон анықталды, олардың 80%-ы жойылды. 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы 12,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жыл басынан бері @TazaQazBot телеграмм-чат платформасы арқылы 24 мыңнан астам өтінім түсті, оның 23 мыңнан астамы орындалды. Келіп түскен өтініштердің дені аумақтарды тазарту (8 524), тұрмыстық қоқыстарды шығару (1 709), көшелерді абаттандыру (1 675) мен жолдарды жөндеу (1 480) жұмысына қатысты.
«Таза Қазақстан» бастамасындағы негізгі аспектінің бірі – қалдықтарды жауапкершілікпен өңдеу. Өңірлердің экологиялық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін 8 жаңа ҚТҚ полигоны пайдалануға берілді. Қалдықтарды жинау, сұрыптау мен қайта өңдеу бойынша, оның қатарында кәдеге жарату алымынан түсетін қаражат есебінен жалпы құны шамамен 89,4 млрд теңгені құрайтын 22 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асыру сатысында тұр. Тағы 40 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы, Кешенді жоспарда қатты тұрмыстық қалдық бойынша 100 полигон салу көзделген.
Сондай-ақ Ерлан Нысанбаев Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында 3 қоқыс өртеу зауытын салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.
Биыл жалпы құны 293 млрд теңгені құрайтын инвестиция туралы тиісті келісімдерге қол қойылды. Бұған қоса кәдеге жарату қаражаты есебінен құрамында тұрақты органикалық ластаушы заттары бар қалдықтарды басқаруға әрі сот шешімімен республикалық меншікке берілген иесіз қауіпті қалдықтарды жою көзделеді.
Премьер-министр жұмыс қарқыны баяу Абай мен Ұлытау облыстары әкімдерін тыңдады. Өңірлерде полигондардың 36% және 53%-ы ғана жойылған.
Олжас Бектенов тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты жағдайды түзету бойынша шұғыл шара қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай мен Жетісу облыстарының әкімдіктері жыл соңына дейін заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстарын аяқтауы қажет. Полигондар құрылысын жеделдету тапсырылды. Биыл шамамен 6,5 млн адам экологиялық акцияға қатысты. Премьер-министр жастарға ерекше көңіл бөле отырып, халық арасында кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева экологиялық мәдениет қалыптастырудың жаңа тәсілдері туралы айтты. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы арқылы өскелең ұрпақ бойына еңбекқорлық, отансүйгіштік, экологиялық жауапкершілік құндылықтарын сіңіріп отыр. Бүгінде оқушылардың 87,2%-ы қосымша экологиялық біліммен қамтылған. Олар үшін экология, биология, туризм, өлкетану мен басқа да бағыттар бойынша клубтар мен үйірмелердің 380-ге жуық түрі жұмыс істейді.
Қазір еліміздегі 35 жоғары оқу орнында экология саласы бойынша мамандар даярланады. 2025–2026 оқу жылына «Қоршаған орта» бағыты бойынша 2 358 мемлекеттік грант бөлінді. Жоғары оқу орындарында да еріктілік белсенді дамып келеді. Студенттердің қатысу көрсеткіші 45%-ды құрады.
Бұған қоса инженерлік экология, экоаналитика, тағы басқа саласында кадрлар даярлау жөніндегі білім бағдарламаларын жаңарту жүргізіліп жатыр. 2025–2027 жылдарға арналған ғылым желісі бойынша «Экология, қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» бағыты бойынша 318 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Ал Президенттің орман қоры аумағында 2 млрд ағаш егу жөніндегі тапсырманы жүзеге асыру барысы жеке мәселе ретінде қаралды. Экология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, 2021–2025 жылдар аралығында республика бойынша жалпы ауданы 918,4 мың гектар алқапқа 1 млрд 470 млн ағаш егілді, оның 320 млн көшеті биыл отырғызылды.
«Семей орманы» МОТР жабық тамырлы көшеттер өсіру тәжірибесі 5 өңірде – Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Абай облыстарында кеңейтіліп жатыр. Отандық ағаш тәлімбақтарында өсірілген көшеттердің өмір сүру деңгейі 90%-ға жетеді. Келесі жылдың басында сыйымдылығы жылына шамамен 6 млн көшет егуге жететін орман тұқымын өндіру бойынша жаңа 6 кешеннің құрылысы басталады.
Арал теңізінің құрғаған түбінде табиғи экожүйелерді қалпына келтіру жөніндегі халықаралық жоба шеңберінде Қазалы қаласында қуаттылығы 3 млн түпке дейін сексеуіл көшеттері бар тәлімбақ салынды. Құрғатылған теңіз түбінде тағы бір тәлімбақ салу мен «Арал Орманы» резерватын құру бойынша жұмыс қолға алынған.
Жиында Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда облыстары әкімдіктері басшылығының есебі тыңдалды, онда ағаш отырғызу мен тұқым жинау бойынша кемшіліктер бар. Олжас Бектенов әкімдіктер ағаш отырғызуды сапалы қамтамасыз ету мен тәлімбақтар құру бойынша тиісті шаралар қабылдауға тиіс екенін атап өтті. Бұл жағдайда егілген көшеттердің санына ғана емес, олардың жерсініп кетуіне де назар аудару керек.
Бақылауды күшейту үшін Премьер-министрдің төрағалығымен «Таза Қазақстан» Президент бастамасын жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізу жөніндегі орталық құрылады. Жауапты мемлекеттік органдар атқарып жатқан жұмыстары туралы ай сайын баяндайды.