Еліміздің түкпір-түкпірінен және көршілес мемлекеттерден келген жас әзірлеушілер, шығармашыл жастар мен зерттеушілер Inno.Fest Qyzylorda-2025 инновациялық жобалар фестивалінің бесінші маусымында ой бөлісті.
Бұл ауқымды іс-шараны Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы Ақпараттық технологиялар орталығы мен Kyzylorda Hub ұйымдастырды. Фестиваль тәжірибелі менеджерлердің, IT саласының мамандарын, кәсіпкерлер мен профессорлардың басын қосты.
Екі күн бойы олар мектеп оқушылары мен студенттерге арналған семинар-тренингтер өткізіп, заманауи сын-қатерлер, жасанды интеллектті, киноиндустрия мен білім беру саласын дамыту мүмкіндіктері туралы әңгімеледі.
Дарынды жастар «Software dev», «AI» және «Movies&video» сынды үш номинация бойынша жоба ұсынды. Әр номинацияда үш жүлделі орын қарастырылған.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры «AI» номинациясының демеушісі ретінде Қазақстанда жасанды интеллекттің дамуына үлес қосқысы келетін жас таланттарды қолдауға ниет білдірді.
Қатаң іріктеудің нәтижесінде бірінші орын иегерлері анықталды:
— «Software dev» номинациясы – Extrnos жобасы (авторы – Айбекұлы Нұрислам);
— «AI» номинациясы – «Қалдықтарды сұрыптаушы» жобасы (идея авторы – Диас Тасболат);
— «Movies&video» номинациясы – «Қос аққу» тобы жеңімпаз атанды.
Әр жеңімпазға 1 миллион теңге және құнды сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, «IT Astana» университеті, Қорқыт Ата атындағы университет, «Болашақ» университеті және «Ашық» университеті білім гранттарын ұсынды. Бұл гранттар жобасын жоғары деңгейде қорғап, ерекше дарынымен көзге түскен жастарға бұйырды.