Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы сессия­ларына қатысу шеңберінде вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған еліміздің делегациясы Нью-Йорк қор биржасына (New York Stock Exchange, NYSE) барды.

Биржаның қызметі мен негізгі бағыты туралы NYSE стратегиялық операция­лар және корпоративтік қатынастар департаментінің басшысы Уилл Гудвин айтып берді.

NYSE өкілдері Қазақстан Республи­касының мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру мүмкіндігіне, сондай-ақ мемлекеттің қатысуымен ірі ұлттық компаниялардың биржаға шығу келе­шегіне байланысты барлық сұрақ­қа егжей-тегжейлі жауап беріп, сауда-саттықты ұйымдастыру және эмитенттермен өзара әрекеттесу саласындағы тәжірибесімен бөлісті.

Сапар соңында делегация сауда залының жұмысымен және биржаның жұмыс істеу тетігімен танысты.