Жапонияның Осака қаласында өткен Бүкіләлемдік көрме өз мәресіне жетті.
Іс-шараға 160 мемлекет пен 9 халықаралық ұйым қатысты, ал көрермен саны 28 миллионға жуықтады. Қазақстан павильоны EXPO 2025 Osaka көрмесінде еліміздің мәдениеті мен заманауи дамуын кеңінен таныстырып, халықаралық қауымдастықтағы беделін нығайта түсті.
Қазақстан халықаралық аренада тағы бір үлкен жетістікке қол жеткізді. Еліміздің павильоны EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесінде бірінші орынға ие болды. Қазақстан экспозициясы «Көрме тақырыбын ашу» номинациясында «С» санатындағы шағын павильондар арасында үздік деп танылды. Бұл санатқа тоқсаннан астам ел қатысқанын атап өткен жөн.
Қазақстан павильоны көрме кезінде 1,5 миллионға жуық қонақты қабылдады. Шетелдік туристер мен жапондықтардың ерекше қызығушылығын тудырған экспозицияда халқымыздың тарихы мен дәстүрі, сондай-ақ цифрландыру, жаңа технология және тұрақты даму бағытындағы жетістіктеріміз көрсетілді.
Дәулет Еркімбаев, EXPO 2025 Osaka дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстан секциясының бас комиссары:
- Біздің павильонымыз жергілікті жұртқа қазақ халқының мәдениеті мен тарихын ашып көрсетуімен қызықты. Біз мұнда тарихымыздың қалай дамығанын, Қазақстанның шын мәнінде терең әрі мол мәдени және тарихи мұрасы бар ел екенін көрсетеміз. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының әлеуетін, оның түрлі туристік және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырдық. Сондай-ақ көрменің негізгі тақырыбын ашуға да аса мән бердік.
Айта кетейік, павильонда ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Қазақстанның Ұлттық күні өтті. Сол күні еліміздің туы көтеріліп, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Осылайша, Қазақстан EXPO 2025 Osaka көрмесінде көш бастап, жаһандық қоғамдастықтағы беделін нығайтты.
Наргиз Бекмаганбетова