Астанада қыркүйек айында өрт болған "Тұлпар" тұрғын үй кешенінде қалпына келтіру жұмысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды елорда әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда жөндеу жұмысының 90 пайызы орындалған, тұрғындардың көбі өз пәтерлеріне қайта қоныстанған.
Бүлінген пәтерлер мен ғимараттың қасбетін қалпына келтіру Karima кафесінің иелері есебінен жүргізіліп жатыр.
Өрт 18 қыркүйекте таңғы сағат төрт шамасында ғимараттың бірінші қабатындағы Karima кафесінде шыққан еді. Өрт салдарынан бірнеше пәтер мен кеңсе бөлмелері бүлінген.
Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбекұлының айтуынша, қалпына келтіру жұмысы оқиғадан кейін бірден басталған.
Бүлінген бес пәтерде капиталды жөндеу жүргізілсе, қалғандарында әрлеу және қалпына келтіру жұмысы орындалған.
"Қазір 11 пәтердің жөндеуі толық аяқталып, тұрғындар қайта қоныстанды. Сонымен қатар екінші қабатта орналасқан кеңселердің жұмысы да қалпына келтірілді", — деді ол.
Қазіргі уақытта терезелерді орнату мен қасбетті қаптау жұмысының соңғы кезеңі жүріп жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз