Қостанайда Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған ескерткіш бой көтерді , — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ашылу салтанатына Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов арнайы қатысып, мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.

"Біз қазір де тарихи, тағдырлы шақта өмір сүріп жатырмыз. Алаш арыстары аңсаған Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Еңселі ел болдық. Соңғы жылдары Президенттің жүйелі, кешенді реформалары халқымыздың жан жақты қолдауын тауып отыр",- деді ол.

Айталық, ақынның мерейтойы ел көлемінде аталып өтіледі. Бүгін Торғай топырағында "Ұлы дала жорығы" аламан бәйгесі басталады. Тұлпарлар Тобыл-Торғай даласын дүбірлетіп, 500 шақырымдық марафонда бақ сынайды. Бұдан бөлек, Міржақыптануға арналған ғылыми конференция мен дүлдүл ақындардың басын қосқан республикалық айтыс өтеді.

"Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Міржақып Дулатұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз", — делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауында.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget