Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Жарма технология колледжінде «Алтын Шар» шағын наубайханасы ашылды. Салтанатты рәсіміне колледж әкімшілігі, педагогтер, әлеуметтік серіктестер мен студенттер
қатысты.
Оқу орны «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Автомобиль көлігін техникалық пайдалану, жөндеу және қызмет көрсету», «Тігін өндірісі және киімді модельдеу», «Дәнекерлеу ісі», «Пайдалы қазбаларды ашық тәсілмен өндіру», «Ветеринария», «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды.
«Шағын наубайхананың мақсаты – дуалды оқытуды дамыту, студенттерді нақты өндірістік ортада тәжірибеден өткізу және кәсіби машықтарын жетілдіру. Мұнда студенттер қамыр илеп, дайын өнім пісіру мен ұсынуға дейінгі барлық кезеңді меңгереді. Жұмыс үдерістері өндірістік тәртіп пен сапа талаптарына сай ұйымдастырылған. Наубайханаға «LAI BAO» компаниясының жаңа электр пеші мен қамыр илеу жабдығы орнатылды. Бұл құралдармен нан және кондитер өнімдерін пісіруге болады. Қазір «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығында 36 студент оқиды. Жаңа наубайхана олардың кәсіби машықтарын жетілдіруге үлкен мүмкіндік беріп отыр», дейді наубайшылар.
Қазір бұл колледжде 171 студент білім алады. Оқу үдерісін 65 қызметкер, оның ішінде 30 педагог қамтамасыз етіп отыр.
Абай облысы