Алматының Бостандық ауданындағы тұрғын үй құрылысы тоқтатылды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Розыбакиева — Катаева — Радостовца көшелері арасындағы алаңда, соның ішінде CAMH Realty және "ВЕК-Тұмар" компаниялары жүргізген құрылыс-монтаж жұмыстары аудан тұрғындарының шағымынан кейін тоқтатылды.
"Жоспарланған жерге мектеп салу қарастырылғандықтан, тұрғын үй құрылысының кейбір жобалары жер учаскесінің нақты шекаралары анықталғанға дейін кейінге қалдырылды", — делінген Алматы әкімдігінің хабарламасында.
Әкімдік мәліметінше, жобалық құжаттарға түзетулер енгізу және архитектура мен қала құрылысы басқармасы арқылы жер шекараларын нақтылау қажет.
Сондай-ақ ведомство алдағы уақытта бұл мәселелер қала тұрғындарының мүддесі мен қолданыстағы заң талаптарын ескере отырып шешілетінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін RAMS Beyond Almaty 40-қабатты ғимарат құрылысы да алматылықтардың шағымынан кейін тоқтатылған. Жер қазу кезінде жер асты суы көтерілген.
3 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесіп, қаланың жоғарғы бөлігінде көпқабатты тұрғын үй кешендеріне мораторий енгізуді тапсырған.
Содан кейін әкімдік бұл тыйымның Талғар трактының оңтүстігі, Шығыс айналма жолы, Әл-Фараби даңғылы, Саин және Жандосов көшелерінен кейінгі аумақтарға қатысты екенін түсіндірген.
Мораторийдің мақсаты — Алматының таулы аймақтарын қорғау. 2024 жылы қала мәслихаты Абая мен Әл-Фараби даңғылдары арасындағы аумақта 9 қабаттан (35 метр) биік ғимарат салуға тыйым салатын ереже қабылдаған, бірақ егер жоба архитектуралық және экологиялық талаптарға сәйкес, энергия үнемдейтін және сейсмоизоляциялық технологияларды қолданса және әлеуметтік маңызды деп танылса, бұл ережелер оған қолданылмайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!