Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеу қалыптасып келеді. Биыл күйеуінен зәбір көрген 131 әйел өз құқығын қорғау үшін құзырлы органға хабар берген. Ал былтыр 170 адамнан арыз-шағым түскен. Сала мамандары әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі үшін қабылданған заң сот процесін де жеделдеткенін айтады.
Аты-жөнін атамауымызды өтінген 32 жастағы келіншек әлеуметтік орталықты екі айдан бері паналап жүр. Айтуынша, 12 жыл отасқан күйеуі ар-намысын таптап, әбден теперіш көрсеткен. «Себепсіз ұрып-соғу көбейген соң ажырасу туралы шешім қабылдадым», – дейді.
Күйеуінен жәбір көрген әйел:
- Адам өзгермей жатыр. Бала-шаға үшін деп 12 жылдан бері шыдадық. Заңның қатаңдағаны жақсы болды. Өйткені еркектер тым сілтеп кетті. Әйелдерді адам құрлы көрмейді. Мамаларымыз шыдаған ғой. Сендер неге шыдамайсыңдар деген де әңгімелер бар.
Жыл басынан бері орталыққа 29 әйел жүгінген. Олардың 88 ұл-қызы да осында қабылданып, әлеуметтік қорғауға алынды. Жалпы отбасында ортақ ымыра таппағандарға психологиялық көмек, құқықтың кеңес және түрлі қолдау көрсетіледі. Алты айға бақылауға алынып, тұрақты жұмыс табуына жәрдемдеседі. Сала мамандары жанұядағы жанжалдан зәбір көрген жандар ұзақ уақыт күйзеліске түсетінін айтады.
Ғалия Мүтәлиева, қалалық №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:
- Сауалнама барысында бізге бұрыннан және жиі қайталанған жағдайларда ғана келіп түседі. «Жөнделеді, түзеледі», – деп әйелдер арада біраз уақыт жоғалтады. Көңіл күйлері бір орнында болмайды. Жағдайы нашар болады. Күйзелісте болады, әрине.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылданды. Осыдан кейін отбасының берекесін алып, жұбайы мен бала-шағасына қол көтеретіндерге жаза қатаңдатылды. Биыл Шымкентте осыған қатысты 131 іс сотқа өткен. Ал былтыр 170 адам жауапкершілікке тартылған.
Ержан Марат, қала прокурорының орынбасары:
- Бұрын жауапкершілікке тарту үшін сот-медициналық сараптамасының қорытындысын күтетінбіз. Ал ол 3 күнге созылатын. Қазір сараптама нәтижесі 1 тәулік ішінде дайын болады. Ортақ меморандум жасап, жұмысты жеделдеттік. Осы уақытта күдіктіні қолға түсіріп, материалдарды сотқа жолдаймыз.
Отбасында зорлық-зомбылықты көріп өскен баланың психологиясы бұзылады. Мұны қоғам қасіреті деп бағалаған мамандар оны алдын алуға жұмылды. Есепке алынған азаматтарға психологиялық қолдау көрсетіп, рейдтік тексерулер тағайындалды. Отбасылық институттар ағартушылыққа тартылды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов