Сотталушы ҚР Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігімен айыпталған.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы О.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қалалық соттың мәліметінше, О. өткен жылы 1 мамырда кешкі уақытта Шымкент қаласы, Жаңаталап шағынауданында орналасқан үйде өзінің азаматтық некедегі жұбайы жәбірленуші С.-мен жанжалдасып, бетінен бірнеше рет ұрып, жағын сындырған. Соның салдарынан жәбірленушінің денсаулығына орташа зиян келтірген.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденді.

– Прокурор сотталушыға 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және азаматтық талап арызды қанағаттандыруды сұрады. Сотталушы кінәсін ішінара мойындап, өзін ақтауды сұрады. Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін ішінара мойындағанын ескерді, ал ауырлататын мән-жай анықталмады. Сот, О.-ны ҚК-нің 107-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, – делінген сот хабарламасында.

Азаматтық талап арыз ішінара қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енбеді.