Жамбыл облысындағы кәсіптік білім беру мекемелерінде ашық есік күні өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Түлектерге кәсіптік бағдар беретін шара тамыз айының соңына дейін жалғасады. Мектеп түлектері мен ата-аналар өңірдегі барлық колледжге барып, материалдық базасымен таныса алады. Мысалы Қаратау құрылыс-техникалық колледжінде «Мамандықтар жәрмеңкесі» өтті. Келушілерге 11 мамандық бойынша ақпарат берілді.

«Мұндай шара жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді», — дейді ұйымдастырушылар. Бүгінде Жамбыл облысындағы 42 колледжде 28 мыңнан аса студент 104 мамандық бойынша білім алып жатыр.

Индира Қожамбаева, колледж директорының орынбасары:

- Мектеп оқушылары мен сол оқушылардың ата-аналарын біз осы колледждің материалдық базасымен таныстырып шықтық. Одан бөлек, осы ашық есік күнін осы тамыз айының соңына дейін жалғастырмақшымыз.