Мұнайлы ауданы Батыр ауылындағы Самал шағынауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында 1200 орындық №20 жалпы білім беретін мектеп құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Арнайы ұйымдастырылған баспасөз туры аясында ата-аналар, жергілікті БАҚ өкілдері, білім саласының мамандары жаңа мектептің құрылысымен танысты. Білім ордасында 56 заман талабына сай пән кабинеті қарастырылған. Қазіргі таңда мектептің кабинеттері заманға сай құрылғалармен жабдықталуда. Оқушылардың шығармашылығын дамыту мақсатында мектеп STEM зертханалары, визуалды дизайн, хореография кабинеттері де жұмыс істейді. Сондай-ақ, ерекше білімді қажет ететін оқушылар үшін сенсорлық кабинет, логопед, дефектолог, психолог кабинеттері соңғы үлгідегі құралдармен қамтамасыз етілген. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін 2 спорт зал, визуалды өнер, дизайн және технология, шеберхана, тамақтану мәдениеті кабинеттері жұмыс істейтін болады.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сәйкес, Маңғыстау облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында жалпы саны 12 600 оқушыға арналған 13 мектептің құрылысы жүргізіліп, олар кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Ал биыл жалпы саны 8100 орындық 9 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 6600 оқушыға арналған 8 білім ордасы қыркүйек айында ел игілігіне тапсырылады. Атап айтқанда, Ақтау қаласы — Өмірзақ ауылы «Рауан» тұрғын үй массиві, 20-шағынауданда және Жаңаөзен қаласы – Мерей шағынауданында, Бейнеу ауданы – Сам ауылы мен Бейнеу ауылында, Маңғыстау ауданы– Қосбұлақ-2 шағынауданында, Мұнайлы ауданы – Маңғыстау-3 ауылы, Батыр ауылы «Самал» шағынауданында жаңа мектептер пайдалануға беріледі.

Abai.kz