Ақтаудың әуежайы мен теміржол вокзалында шетелдіктерге турист картасы тегін беріледі.
Маңғыстауға саяхаттап келгендер QR-карта арқылы сайтқа кіріп, өзіне қажет ақпаратты алады. Картада полиция, көші-қон, такси және тағы басқа қызметтер туралы мәлімет бірнеше тілде жазылған. Республикалық жоба туристердің ел ішінде қауіпсіз, әрі еркін жүруіне жағдай жасайды.
Ақтау әуежайы күн сайын 10 халықаралық бағыт бойынша тікелей әуе рейсін қабылдайды. Өңірге саяхаттап келушілердің қатары әсіресе жаз айларында көбейе түседі. Басым көпшілігі Баку, Тегеран, Түркиядан келеді. Соңғы кезде туристер арасында Армения азаматтары да бар.
Карен Бабуджян, турист:
- Ақтауға жұмыс бабындағы алғашқы сапарым. Әуежайда турист картасын ұсынған қызметкерлердің көмегіне ризамын. Бұл картаны қалай қолдану жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Әуежайға кірген шетел азаматтарын желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері күтіп алады. Әрбір жолаушыға арнайы QR-коды бар карта ұсынып, елімізде туристердің жайлылығы үшін мобильді платформа іске қосылғанын түсіндіреді.
Нарбек Жөнелбаев, Маңғыстау станциясы ЖПБ әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы:
- Қазақстан аумағына келгенде өзін жайлы сезінуі мақсатында таратылып жатқан карта. Оның ішінде жаңағы «102»-ге қоңырау шалу арқылы полиция қызметкеріне жүгінеді. Көші-қон саласында өздеріне қойылатын сұрақтарға, өздеріне керекті қызметтер көрсетілген. Бір гигабайт беріледі, соны толықтай пайдалануға мүмкіндігі бар.
Ернұр Кенжебеков, «Кazakh tourism» ҰК коммерцияландыру қызметінің бас менеджері:
- Елімізге келген кезде бірінші нүкте әуежайлар. Сол себепті еліміздегі барлық халықаралық әуежайларда QR орналастырылған және ол қандай да бір күйде болсын туристерге беріледі. Ол арқылы туристер ең маңызды деген ақпараттарды алады. Тек қана маңызды ақпарат емес. Ойын-сауық болсын, геймификация дейді, елді тану. Жалпы бір нүкте арқылы еліміз туралы көптеген ақпарат алады туристер.
Ішкі істер министрлігінің сайтында көрсетілген мәліметке сүйенсек, туристерге арналған жоба Астана және Алматы халықаралық әуежайында, аймақтарда, сонымен қатар Түркістандағы «Қапланбек» шекаралық бақылау бекетінде жүзеге асуда. Бүгінге дейін 95 мыңнан астам шетел азаматына туристік карта берілген.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, 24kz