Қазақстанда педофилдерге қатысты химиялық кастрацияны міндетті түрде қолдануға бағытталған жаңа өзгеріс дайындалуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы .
Денсаулық сақтау министрінің «Медициналық мәжбүрлеу шараларын қолдану қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгеріс енгізу жобасында:
«Жаза мерзімі аяқталуға алты ай қалғанда химиялық кастрация қолдану қарастырылып отыр. Сонымен қатар, мекеме әкімшілігі сотқа сот-психиатриялық сараптама тағайындау үшін материалдарды жазасын өтеу мерзімі аяқталғанға дейін 12 айдан кешіктірмей жолдауы тиіс. Сараптама адамның психикалық ауытқуы мен жыныстық зорлыққа бейімділігін анықтау үшін жүргізіледі», – делінген.
Айта кетейік, Қазақстанда химиялық кастрация 18 жастан асқан және кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыс жасаған адамдарға қатысты қолданылады. Бұл – тек сот шешімімен және міндетті сот-психиатриялық сараптама нәтижесі негізінде жүзеге асатын мәжбүрлі медициналық шара. Сараптама сотталушының психикалық есі дұрыс екенін және «педофилия» диагнозы барын растауы қажет.
Кастрация антиандрогенді препараттарды үнемі егу арқылы жүргізіледі және адамның жыныстық құмарлығын басуға бағытталған. Егер денсаулық жағдайына байланысты мұндай шараны қолдануға болмайтын болса, сотталған адамға психотерапиялық ем және психиатр дәрігердің тұрақты бақылауы тағайындалады.