Қызылордада кәсіптік білім беру ұйымдарын дамыту қолға алынды, деп хабарлайды 24KZ. Өңірге жұмыс сапарымен барған сенаторлар жергілікті колледждердің тыныс-тірлігімен танысып, оқытушылармен жүздесті. Кездесу барысында оқу бағдарламасын цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу жайы сөз болды.
Жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары
Қызылорда агротехникалық колледжі ауыл шаруашылығы саласының мамандарын оқытады. Кәсіптік білім беру ұйымын жыл сайын 100-ден астам жұмысшы жас бітіреді. Оқытушылармен кездескен сенаторлар орта буынды кадр даярлау, оқу процесін цифрландырудың маңыздығына тоқталды.
Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Мына қоғамда салыстырған кезде жоғары оқу орнын бітірген мамандардан гөрі осындай кәсіптік-техникалық мамандық игерген мамандарға деген сұраныс 70% жоғары. Сондықтан болашақта алдағы уақытта олардың заманауи білім алуына жағдай жасау, жасанды интеллекті меңгеру, кәсіптік-техникалық салада түрлі жаңа техникалық құрылғыларды меңгеру бағытында жұмыстар жүргізіле береді.
Өңірде «Келешек мектептері» жобасымен 21 мектеп салынады
Сенат депутаттары 1500 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты. Заманауи үлгідегі білім ұясы «Келешек мектептері» бағдарламасымен салынып жатыр. Ғимаратты салу-монтаж жұмыстарын бірінші қыркүйекке дейін аяқтау көзделіп отыр.
Наурызбай Байқадамов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұл жобаның өзінің қаржысы да қомақты. Мұның ішіндегі құрылғылардың өзі балаларымыздың, жас ұрпақтың келешекте өзінің арманын орындайтындай деңгейде білім алуға қол жеткізу мүмкіндігін береді. Біз жаңа оқу құралдарын көрдік. Өте сапалы және балалардың қауіпсіздігіне сай етіп алынған. Ендігі жұмыс – осы мектептің уақытында бітіру.
Мұхтар Ахметов, мердігер мекеме өкілі:
- Материалдың бәрі осы қазақстандық өнімдер. Жоба бойынша 70%-ке дейін. Қазіргі таңда 2-ші, 3-ші қабатында толық тазалық жұмыстары жүріп жатыр. Жиһаз бойынша қазір жеткізілім болып жатыр. Қазір 80% бітіп тұр.
Аймақта ұлттық жоба аясында жалпы саны 12,5 мың орынға есептелген 21 мектеп салынуы тиіс. Бүгінде 10 білім ұясының құрылысы кестеге сәйкес жүріп жатыр. Тағы 6 мектеп таяуда қолданысқа берілді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ақан Әлиев, Айтмухамбет Байдулдаев