Алты боксшымыздың бесеуі жеңіске жетті.

Астанада әлем кубогі жалғасып жатыр. Айта кету керек, еліміз алғаш рет World Boxing ұйымының дүниежүзілік додасын қабылдауда. Оған 30 елден 300-ге жуық қатысушы жиналды және жарыстың екінші күні салыстырмалы түрде сәтті өтті деуге болады. Әсіресе, біраз үзілістен кейін шаршы алаңға оралған Надежда Рябец Бразилия боксшысынан басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Айта кету керек, 75 келіде өнер көрсететін Надежда қазақстандық қыз-жігіттер арасынан алғаш болып, жартылай финалға шығып отыр. Бұдан бөлек ерлер арасында қос әлем чемпионы Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбай өз қарсыластарынан бір бас жоғары өнер көрсетіп, ширек финалға өтті. Орта салмақтағы Серік Теміржанов Аустралия, ауыр салмақтағы Айбек Оралбай Доминикан спортшысын айқын басымдықпен ұтты. Олар да ширек финалда бақ сынайды. Тек 54 келіде Әнел Сақыш қана Азия чемпионы өзбекстандық Феруза Казаковаға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Яғни ерлер және әйелдерді қоса алғанда 20 боксшымыздың 18-і жүлдеге таласты жалғастырады деген сөз. Астанадағы әлемдік аламанның жалпы қорытындысы 6 шілдеде белгілі болады.

Бүгін кімдер шаршы алаңға шығады?

Бүгін тоғыз боксшымыз жұдырықтасады. Бірер сағаттан кейін Астанадағы әлем кубогінің кезекті жарыс күні басталады. Ерлер арасында 50 келіде әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай шаршы алаңға шығады. Қарсыласы жапониялық Шодай Кото. Бұған қоса көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген Бекзат Нұрдәулетов пен Сағындық Тоғамбайдың да кездесулері бүгін болады. Бекзат австралиялық, Сағындық американдық жігіттермен жолығады. Ал 65 келідегі Ертуған Зейнуллинов түркиялық Ахмет Пекелмен қолғап түйістіреді. Әйелдер арасында жеңіл салмақтағы Назым Қызайбай кезекті кездесуін өткізеді. Бұл жолы ол өзбектсандық Фарзона Фозиловамен жұдырықтасады. Бұған қоса Алуа Балқыбекова, Виктория Графеева және Аида Әбікеева шаршы алаңға шығады. Астана қаласының тұрғындары жекпе-жектерді күндіз 14:00 және кешке 19:00-де екі сессия бойынша тамашалай алады. Кіру тегін. Жарыстың өзі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатыр.

Қанат Байұзақов, спорт сарапшысы:

Қамшыбек пен Асланбек құрамаға орала алады

Қамшыбек пен Асланбек ұлттық құрамаға орала алады. Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов мәлімдеді. Ол «Бірінші бол» сайтына берген сұхбатында қос боксшы да Париж олимпиадасынан кейін үзіліс алғанын жеткізді. «Егер шаршы алаңға ораламыз десе, алдағы қараша айында Семейде Қазақстан чемпионаты өтеді. Сонда үздіктер қатарынан көрінсе, екеуіне де ұлттық құраманың есігі ашық. Сол секілді ұлттық құрамаға қосылғысы келетін өзге боксшыларға да қойылатын талап осы. Бастысы, Қазақстан чемпионатында өздерін дәлелдесін», — деді Мерей Ақшалов. Жалпы Қамшыбек Қоңқабаев пен Асланбек Шымбергеновке қатысты сұрақ әлі ашық күйінде. Себебі бапкерлер бұл боксшылардың карьерасын аяқтағанын алға тартса, өздері тек үзіліс алғанын айтады. Ресми түрде мәлімдеме жасалған жоқ.