Қазіргі ең төменгі айлық көрсеткіші кедейліктің шегінен төмен.

Қазақстанда жалақы көтеріледі. 2026 жылдан бастап ең төменгі айлық алатындардың ақшасы көбеймек. Мөлшері анықталып жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Курсив-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, қазір бірнеше институт бірігіп, бұл мәселені зерделеп жатыр.

«Олар еңбек өндірісі және медиандық айлық бойынша нақты көрсеткіштерді қамтамасыз етеді. Аймақтардағы және салалардағы жалақы ескеріледі. Барлық есептер жаңа ең аз айлық көрсеткішін анықтауға негіз болады», – деді министр.

Әзірге бұл жалақының қаншаға көтерілетіні анық емес. Зерттеушілер жұмысын аяқтаған соң белгілі болмақ.

«2025 жылдың соңына қарай есептеу жұмыстары аяқталады. Келесі жылы 1 қаңтардан бастап ең аз жалақы мөлшері көтеріледі», – деді Светлана Жақыпова.

Қазіргі таңда оның мөлшері 85 мың теңге болып отыр. Айта кететін жайт, Қазақстанда жалақы, атап айтқанда, ең аз жалақы мөлшері БҰҰ белгілеген кедейліктің шегінен төмен болып отырғаны анықталды.