Ақтауда Халықаралық теңізшілер күніне орай ауқымды шаралар басталды, деп хабарлайды 24KZ. Алдағы күндері теңізшілердің қатысуымен қала жағажайында спорттық сайыстар, Ақтау теңіз сауда порты мен теңіз академиясында «Ашық есік күні», сондай-ақ амфитеатр жағалауында кемелер шеруі, гала-концерт өтеді.
Қазір елде екі мыңнан астам теңізші бар. Олар Каспий маңы мемлекеттеріне отандық үлгідегі су көліктерімен жүк тасымалдап жүр. Ақтаудағы мерекелік шарада осы саланың дамуына еңбегі сіңген бір топ теңізші марапатталды.
Құрбан Төре, кемелерге кешенді қызмет көрсету мекемесінің басшысы:
- Бізде елдің дамуына, экономикасына әсер етіп жатқан азаматтық кемелер бар. Көптеген азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп жатыр. Елдермен байланыстырып отырған бұл сала ерекше. Көптеген жетістік бар. Біз сол салаға мамандарды даярлау бойынша барынша қызмет етіп жатырмыз.
Жуль Фомбо, теңіз көліктерін тіркеу мекемесінің өкілі:
- Біз теңізде жүзген кез келген кеменің бағытын бақылаймыз. Су көлігі тиесілі мекемеге куәлік беру, тіркеу жұмыстарын атқарамыз. Ақтауда алғаш өткен мерекелік шараға қатысқаныма қуаныштымын. Қазақстандық теңізшілердің аз уақытта зор жетістіктерге жетуі өзгелерге үлгі.