Ауыл шаруашылығы саласындағы Қазақстан-Қырғызстан жұмыс тобының II отырысы өтті. Жиынға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов пен Қырғыз Республикасының Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары Самат Насирдинов тең төрағалық жасады.
Тараптар Үкіметаралық кеңестің 12-отырысында қол жеткізілген келісімдердің орындалуын, 2024–2025 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара жеткізілімін ұлғайту жөніндегі Жол картасының іске асырылуын, сондай-ақ аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Бағлан Бекбауов агроөнеркәсіптік өнімдер бойынша өзара тауар айналымының тұрақты оң серпінін атап өтті. 2024 жылы тауар айналымы 350,9 млн долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8,4%-ға артты. 2025 жылдың І тоқсанында өсім 43,5%-ды құрап, 99,9 млн доллар болды. Оның ішінде Қазақстаннан экспорт – 80,1 млн доллар (+44,3%), импорт – 19,8 млн доллар (+39%).
Кездесуде ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізу бойынша техникалық көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасына ерекше назар аударылды. Құжат селекция, асылдандыру жұмыстары және ақпараттық дерекқорларды дамыту бойынша тәжірибе алмасуды көздейді. Қазақстан тарапы астық қолхаттары үлгісінде қойма куәліктерінің айналымы бойынша тәжірибесімен бөлісіп, бұл бағытта «Ақпараттық-есеп орталығы» АҚ базасында практикалық консультациялық кездесу өткізуге дайын екенін білдірді.
Отырыс аясында тараптар ықтимал жобалар тізімін өзара алмасып, бірлесіп жүзеге асыру үшін нақты 2-3 жобаны айқындауға келісті. Сонымен қатар Астана қаласында қанатқақты форматта ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу, кейін оны еліміздің басқа өңірлерінде жалғастыру туралы ұсыныс қолдау тапты.
Шекара бекеттерінде жүк автокөліктерінің өткізу қабілетін арттыру мәселелері де қаралды.
Екіжақты сауданы дамыту мақсатында тараптар «Кыргыз-Агрохолдинг» ААҚ пен «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ арасында өнім жеткізілімінің болжамды көлемін көрсете отырып, меморандумға қол қоюға уағдаласты. Жамбыл (Қазақстан) және Талас (Қырғызстан) облыстары арасында ауыл шаруашылығы өнімдерінің шекара маңындағы саудасын жандандыру жоспарланып отыр.
Қазақстан бидайын жеткізуді арттыру мақсатында тараптар теміржол тарифтері мәселесін пысықтап, мүдделі ұйымдардың қатысуымен келіссөздер жүргізеді. Отырыс қорытындысы бойынша қолжеткізілген келісімдер мен алдағы ынтымақтастық бағыттарын бекітетін хаттамаға қол қойылды.