Биыл Оралда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту саласында ауқымды жұмыс атқарылады, деп хабарлайды 24KZ. Тозығы жеткен жылу магистралі мен жылу құбырлары ауыстырылады. Сонымен қатар кәріздік сорғы станциялары қайта салынады.
Оралдағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 248 шақырымға жетсе, соның 43 шақырымы магистральды құбырлар. Шаһардың үштен бірін қамтитын №2 магистральды жылу желісі күзге дейін толық ауыстырылмақ. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен шамамен 10 млрд-қа жуық теңге қаралған. Қазір демонтаждау жұмыстары аяқталды.
Бекболат Қамешов, «Жайықжылуқуат» АҚ бас директорының м.а.:
- Жылыту маусымына дейін бүкіл жұмыстарды аяқтаймыз. Сосын мына жылу электр орталығы ішінде №2 бу қазандығын істеп жатырмыз. Сосын су қыздырғыш қазанынан 11-ші станция, соның құбырларын ауыстырып жатырмыз. Біздер мына қаражатымызбен 5,5 шақырым құбырлар ауыстырылады. Ол мына өздеріміз жоспарлаған кварталдық құбырлар. Соларды ауыстырып жатырмыз.
Кәріз желілері де басты назарда. Тозығы жеткен сорғы станциялары бұрын артық суды айдай алмай, жиі істен шығатын. Тұрғындар тәуліктеп тіршілік нәрінсіз қалатын. Таяу жылдары осы мәселе толық оң шешімін табады. Күні бүгін 28 мың абонентке қызмет көрсететін №21 кәріз станциясы жаңғыртылып жатыр. Ал №18 кәріздік сорғы станциясының реконструкциясына 1,8 млрд теңге қаралған.
Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:
- Негізі бұл кәріздік сорғы станциясы қаламыздың жартысын қамтитын линияда орналасқан. Яғни қаламыздың солтүстік-шығыс бағытынан бері келетін бағыт. Егер осы КНС-ты толық жаңғыртып бітірсек, қаладағы ең проблемалы нысандардан толық құтылдық деп есептеуге болады. Неге десеңіз, одан бұрын КНС-19 толық бітірдік. КНС-3 толықтай жөндеуден өткізіп бітірдік. Сәйкесінше осы соңғы ең проблемалы нысан деп айтуға болады.
Сонымен қатар қалаға Байқоныс ауылынан келетін 15 шақырымдық магистральды ауызсу құбырын да жаңартып, жерасты ұңғымаларын жөндеу жоспарда бар.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов