Ескелді ауданының көркем Шымыр ауылында маңызды оқиға орын алды — жаңа ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ашылуы өтті. Бұл тек денсаулық сақтау нысаны ғана емес, ауыл халқының игілігіне бағытталған келешекке сенімді қадам, деп жазады Egemen.kz.

Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов, аудан әкімі Елдос Ахметов, оның орынбасары Жанар Қанатқызы, аудандық орталық аурухананың директоры Сауле Рыспековна, «AMANAT» партиясы Ескелді аудандық филиалының төрағасы Мирас Серікұлы және ауыл тұрғындары қатысты.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл амбулатория күніне 25-30 адамға дейін қабылдауға қауқарлы. Енді шұғыл және жоспарлы медициналық қызмет алу үшін алысқа сабылудың қажеті жоқ — білікті дәрігерлер ауылдың өзінде қызмет көрсетеді.

Ауыл тұрғындары үшін бұл – жай ғана ғимарат емес, үміт пен қамқорлықтың символы. Денсаулық сақтау саласындағы мұндай оң өзгерістер халықтың әл-ауқатын арттырып, ауыл өміріне тың серпін беретіні сөзсіз.