Атырау облысында облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» автомобиль жолын жөндеу жұмысы созылып кетті.
Былтыр наурыз айында осы жолдың 117-167 шақырым аралығын орташа жөндеуге «ТемірЖолҚұрылыс» ЖШС-мен жоба құны 5,3 млрд теңгеге келісім-шарт жасалған болатын.
Алайда жұмыс мардымсыз. Мердігер мекеме былтырғы тасқынның салдарынан жұмыс тек тамыз айында басталғанымен түсіндіреді. Осылайша 2 жыл бойы 3 ауылдық округтің тұрғындары Индер кенті жол азабын тартып жүр.
Индер ауданына қарасты 3 ауылдың тұрғындары үшін осы бір 50 шақырым жол жырға айналып барады. Жол жөндеу жұмысының баяулығы өз алдына, мердігер мекеме бұрынғы асфальтты қырып алып тастаған. Салдарынан шаң-топыраққа көмілген көліктер қара жолмен шұбыруда.
Өмірбек Халин, Бөдене ауылының тұрғыны:
- Бөденеден қалаға қарай 9 шақырымдай, әрі жағы Құрылыстан әрі тағы да 4-5 шақырым жолды тағы да мына жерді бітірмей бұзып жатыр. Қырып, жолды. Жанымен жүру деген мүмкіндік келмейді кей жерлерде. Шоқалақ, ала шаң машинаны үнемі жөндей беру де қалтамызға тиіп жатыр.
Ауыл тұрғындарының реніші орынды. Былтыр аяқталуы тиіс 25 шақырым жолдың бар болғаны 8 шақырымына ғана асфальт төселіпті. Енді биыл ерте көктемде іске кіріскен «Теміржолқұрылыс» мекемесінің басшылығы белгіленген мерзімде аяқтаймыз деп сендірді. Қазір қарқын жаман емес. Жол жұмысында 40-тан астам адам, 20 техника жүр.
Азат Кушманов, мердігер мекеме директорының орынбасары:
- Ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмысты тоқтаттық, былтыр 2024 жылы. Биыл ағымдағы жылдың қазан айына дейін қалған жұмыстарды толық бітіреміз деп уәде береміз.
Асфальт жабындысы Атырау қаласынан тасымалдануда. 200 шақырымнан қатынайтын көліктер күніне бір рейс жасап үлгереді. Ол да жұмыстың ырғағы мен жолдың сапасына әсерін тигізеді, дейді мамандар.
Марат Ғұмаров, техникалық бақылаушы:
- Негізі таңертеңнен бастап обедке дейін бір партия келіп қалғаны жақсы. Ал бізге асфальт таңертең шыққаннан түс қайта ғана 4-5 терде келеді. Ал кейде 30 машина келсе, кептетіліп қалады. Уақытылы келсе, асфальт та сапалы салынар еді.
Жол жөндеудегі берекесіздіктен ығыр болған тұрғындар былтыр күзде өңір басшысына шағымданған еді. Сонан бері бұл жағдай облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бақылауында. Олар жұмысты жеделдету үшін талап күшейтілді деп отыр.
Алтынбек Бейбітов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:
- 22 шақырымына үлкен түйіршікт асфальт жабындысы, 4 шақырымына ұсақ түйіршікті асфальт төселді. Күні бүгінге дейін, асфальт жабындысы Атырау қаласынан тасымалданды. Алайда асфальт зауытын Махамбет ауылы тұсына әкеліп, алдағы жылы осы 117-167 шақырым жолды толық аяқтау жоспарлануда.
Биыл осы Атырау-Индер автомобиль жолының тағы 50 шақырымына орташа жөндеу жұмысы басталды. Құны 7,7 млрд теңге тұратын жоба 2027 жылы аяқталуға тиіс. Аталған 2 жоба жүзеге асса, күре жол бойындағы ауылдар үшін қатынас жеңілдейді, дейді сала мамандары. Ал әзірге индерліктер қара жолмен шаңдатып жүре тұрмақ.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин