Елімізде бидайды алыс нарықтарға тасымалдауға байланысты шығындардың құнын арзандатуға субсидиялар төлеу басталды. Бұл мақсатқа биыл 40 млрд теңгеге дейін бағытталатын болады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы елімізден астық экспортын ұлғайтуға ықпал ететін маңызды фактор ретінде қарастырылып отыр. Қаржылық қолдау диқандардың шығындарын азайтады, экспортты тиімдірек етіп, жеткізушілерге жаңа мүмкіндіктер ашады. Сарапшылар бұл бастаманың экономикалық пайдамен қатар, нарық тепе-теңдігін сақтауға көмектесетінін айтады. Яғни қоймалардағы астықтың шамадан тыс жиналуын болдырмайды және ішкі бағаның төмендеуінің алдын алады. Субсидиялар қаншалықты тез бөлінетіні және экспорттаушы компаниялар көлік шығындары үшін өтемақыны қанша уақытта алатыны – аграрлық қауымдастық мұқият бақылайтын мәселе.

Төлемдердің басталуын растаған Азық-түлік корпорациясының мәліметіше, субсидиялау нормативі бағытына қарай тасымалданған бидайдың тоннасына 20 мың немесе 30 мың теңгені құрайды. 27 мамырдағы дерек бойынша астық нарығы операторына 14,3 млрд теңге сомасына көлік субсидияларын алуға 284 өтінім келіп түсті. Осы өтінімдер аясында 625,1 мың тонна астық экспортталды.

Ең танымал субсидияланатын бағыт – Әзербайжан болып отыр. Бұл елге былтыр 275 229 тонна, сондай-ақ Балтық елдеріне – 203 555 тонна бидай экспортталған. Қара теңіз порттары арқылы экспорт 48 815 тоннаны, Балтық теңізі (РФ) – 35 967 тоннаны құрады. Ауғанстанға субсидияланатын бағыт бойынша (Түрікменстан аумағы арқылы транзитпен) 37 032 тонна, Грузияға – 24 525 тонна экспортталды.