Сеулде Қазақстанның курорттары мен көрікті жерлерінің таныстырылымы өтті.
Іс-шараға Оңтүстік Кореяның 60-тан астам туристік компаниясының өкілдері қатысты. Биыл Қазақстанға саяхаттап келуші оңтүстік кореялық туристер саны есеслеп артады деп күтілуде.
Былтыр Қазақстанға Оңтүстік Кореядан 40 мыңнан астам турист келген. 2023 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 12 пайызға көп. Қазақстанның ұлттық туристік компаниясы биыл елімізге табан тірейтін оңтүстік кореялықтардың саны одан да көп болады деп болжап отыр. Бұлай болжам жасауға Сеул мен Алматы және Астана мен Шымкент арасындағы тікелей әуе рейстерінің көбеюі негіз болыпты.
Нұрғали Арыстанов, ҚР Корея Республикасындағы елшісі:
- Екі ел арасында көптеген жүк рейстері бар, бұл Қазақстанды аймақтағы логистикалық хабқа айналдырады. Ал жолаушылар тасымалына келсек, біз аптасына 40 рейске дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Қазір 17 рейс бар. Шілде айында Пусан – Алматы бағыты бойынша тағы екі рейс қосылады.
Айнұр Жұматаева, Kazakh Tourism ұлттық компаниясының департамент директоры:
- Кореялық туристер көбінесе үш негізгі бағыт бойынша келеді. Бұл гольф, тау шаңғысы туризмі және треккинг. Корея әрдайым Қазақстанға келуші елдердің алғашқы ондығына кіреді. Туристер ағынының артуының екі негізгі себебі бар – визасыз режим және тұрақты тікелей әуе рейстері.
Кореялық туристер арасында Алматының көрікті жерлері ерекше танымал. Бұл туралы Қазақстанда 30 жылдан астам уақыт тұрып келе жатқан Ким Сан Ук кореялық туроператорларға айтып берді. Өткен жылы ол Қазақстан халқы Ассамблеясының достық елшісі болып тағайындалған.
Ким Сан Ук, Қазақстан халқы Ассамблеясының достық елшісі:
- Ең алдымен, мен кореялық туристерге Алматыға баруға кеңес беремін. Өйткені онда Тянь-Шаньның қарлы таулары бар. Қаладан 200 шақырым радиуста шөлді де, әсем шатқалдарды да, жазда қарды да, кең дала мен жазықты да көруге болады. Екінші қала Түркістан. Сеулден Шымкентке тікелей рейс бар, сол себепті ол жаққа ұшып барып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көруге болады.
Таныстырылым аясында қазақстандық және кореялық туроператорлар ынтымақтастық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді. Мұндай кездесулердің тиімділігін еліміздегі тау шаңғысы кешенінің менеджерлері де растайды. Олар кореялық курорттардың бірімен туристер мен нұсқаушылар алмасу туралы келісім жасасып, нәтижесінде өткен жылы Алматыдағы тау шаңғысы кешенін 20 мыңнан астам оңтүстік кореялық келіп көрді.
Владислав Цой, Ольга Лян