Елордалық оқушылар Мемлекеттік рәміздер күнін ерекше атап өтті. Қаладағы барлық мектеп лагерінде бір уақытта әнұран шырқалып, көк туымыз желбіреді, деп хабарлайды 24kz.

Бекзат Аманов, тілші:

- Астаналық оқушылар мәртебелі мейрамның мерейін асырды. Мектеп жанындағы лагерьлерде білім алатын 10 мың бала бір сәтте Әнұран шырқады. Бүлдіршіндердің балғын даусы қаланың түкпір-түкпірінен шығып жатты. Соның бірі сол жағалаудағы №90 гимназия.

Мұғалімдердің айтуынша, мұндай шара ұлттық құндылықты ұлықтап қана қоймай, балаларды отаншылдыққа тәрбиелейді. Сол үшін мектеп қабырғасында оқушылар жиі топпен әнұран шырқайды.

Қуандық Санатұлы, Қ.Мұхамедханов атындағы №90 гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

- Мұндай шараның маңыздылығы – кішкентай баланың кеудесінде сәл де болса Отанға деген, еліне деген патриоттық сезімін ояту. Себебі, ұлттық рәміздер арқылы балалардың санасын оята аламыз, жүрегіне жол таба аламыз. Ол өзінің қай елден, қай ұлттан тарағаны туралы, рәміздерде не бейнеленгені туралы айтып бере алу керек.

Десе де, бүгінгі шараға дайындық ерекше. Бүлдіршіндер ұлттық нақыштағы жейде киіп, көк туын қоса ала келген.

Адия Мақаш, оқушы:

- Бұл күні бізде еліміздің Туы, Елтаңбасы мен Әнұранының үлкен құрметі мен мақтаныштық белгісі. Біздің елде осындай іс-шара болып жатыр, флешмоб болды және бүкіл мектеп болып Әнұран айтты.

Сезім Сейділдә, оқушы:

- Біз сыныптастарымызбен Әнұран айттық. Өте қатты ұнады. Әнұранның қайырмасын айтады.

Рәміздер күніне арналған этно-лагерь жұмысы мұнымен шектелмеді. Оқушылар сурет салып, арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырды.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ақылбек Есімсейітов