Жамбыл облысында ірі инвестициялық жобалардың бірі – теміржол депосы сәтті іске қосылды, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Шу қаласында өткен салтанатты шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Қазақстанның Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері және жоба жетекшілері қатысты.
Жамбыл облысы үшін аса маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Шу ауданында жаңа депоның ашылуы еліміздің теміржол инфрақұрылымын дамытуға және транзиттік әлеуетін нығайтуға зор серпін беретіні анық, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.
Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста ауқымды инвестициялық жобалар табысты жүзеге асып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар бизнес қауымдастықтың өңірдің экономикалық әлеуетіне деген сенімі жоғары екенін жеткізді.
Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында жалпы құны 3,7 трлн теңгені құрайтын, 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын 62 жоба бар. Оның ішінде биыл 175,2 млрд теңгеге 30 жоба іске қосылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Теміржол депосының құрылысын Францияның жетекші компанияларының бірі – Alstom екі жыл ішінде табысты аяқтады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 4 млрд теңгеден асады. Нысан іске қосылғаннан кейін жергілікті тұрғындар үшін 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жаңа депо «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ пайдаланатын KZ4 және KZ8 электровоздарына техникалық қызмет көрсетуге арналған. Бұл жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады деп күтілуде.
Кәсіпорын қызметі халықаралық стандарттарға толық сәйкес жүзеге асырылады. Мамандардың айтуынша, мұнда өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған депо ай сайын 120-ға жуық, жылына 1 500-ге жуық электровозды сапалы жөндеуден өткізуге қауқарлы.
Қазақстанның Франциядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова екі ел арасындағы берік стратегиялық әріптестік аясында бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асып жатқанын атап өтті.
Alstom компаниясының Батыс және Орта Азиядағы басқарушы директоры Жером Бойе Қазақстан тарапынан көрсетілген сенім мен екіжақты ынтымақтастық үшін алғысын білдірді.