Облыс әкімдігі Құлсарыдағы жанармай құю бекетінде болған жарылыстан зардап шегіп, денсаулығына зиян келгендерге қол ұшын созбақ, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазір зардап шеккен бес адам аудандық ауруханада емделуде, алтауы амбулаторлық ем алуға үйлеріне жіберілді, тағы үш науқас облыстық ауруханада жатыр.
"Қазір 25 пен 75 жас аралығындағы бес науқасқа медициналық көмек көрсетіп жатырмыз. Күйік шалған аумақ – 5-22%. Зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", – дейді Жылыой аудандық ауруханасының директоры Асұлан Әбдірахманов.
Облыс әкімінің тапсырмасымен 30 мамырда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін атыраулық төрт дәрігер Құлсары қаласына аттаныпты. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының алдын ала мәліметі бойынша, жарылыс газ цистернасынан автогазды цистернаға құю кезінде болған. Өрт салдарынан екі ғимарат жанып, 450 шаршы метр аумақты от шарпыған.
Өңір басшысының орынбасары Қайрат Нұртаев жергілікті билік өкілдерімен бірге оқиғада қаза тапқан екі адамның отбасына барып, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Оларға аудан әкімдігі қажетті көмек көрсетеді.