Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды реформалар жасалып жатқанын айтты, деп жазады Egemen.kz ақпарат агенттігі.

— Біз стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып келеміз. Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды реформалар жасап жатырмыз. Үш жыл бұрын жалпыұлттық референдум өткізіп, Ата Заңымызға өзгерістер енгіздік. Сол арқылы еліміздің тұрақты дамуына мызғымас негіз қаладық. Мемлекеттің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртып, Парламенттің құзыретін кеңейттік, Үкіметтің жауапкершілігін күшейттік. Конституциялық Сот құрылды. Азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі едәуір артты. Ауыл және аудан әкімдері тікелей сайланатын болды. Бұл қадам қоғамның билікке деген сенімін нығайта түсті.

Заң мен тәртіп үстемдігін орнықтыру, әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйелі реформалар жүзеге асырылды. Осы бағытта Парламент тиісті заңдар қабылдады. Бұл — елімізді жан-жақты жаңғыртуды көздейтін ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Алдымызда қыруар шаруа күтіп тұр. Шын мәнінде реформалардың нәтижесіне ұлтымыздың сана сезімі, тіпті болмысы өзгере бастады, — деді ол.

Президент елде жаңа саяси және сайлау мәдениеті орнығып келетінін айтты.

— «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы — соның айқын дәлелі, халық бұл ұзақмерзімді стратегияны жаппай қолдады. Біз қазір бір ел болып Әділетті мемлекет пен берекелі қоғам құрып жатырмыз. Осы ортақ іске азаматтарымыз белсене қатысуда. Халқымыздың реформаларға деген сенімі зор. Себебі жұртымыз — жасампаз әрі жаңашыл.

Елімізде жаңа саяси және сайлау мәдениеті орнығып келеді. Қоғамда әр алуан пікір болса да, тұтас елдің мақсат-мұраты — бір. Жұртшылық масыл болу, орынсыз сын айтып, мін тағу секілді теріс қасиеттерден жирене бастады. Біз еңбекқор, білімпаз және озық ұлт болуға ұмтылған елміз. «Заң және тәртіп» мемлекетіміздің басты бағдарына айналуда. Елімізде саналы, сапалы қоғам қалыптасуда. Жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты да — осы. Бұл тарихи мағынасы бар жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Біз ұлттық болмысымызды бекемдеп, ынтымақ-бірлігімізді нығайта береміз, — деді ол.

Мемлекет басшысы ең алдымен жастарымыз бұлыңғыр келешекке толық дайын болуға тиіс екенін атап өтті.

— Бүгінгі жиынға жастар да қатысып отыр. Сіздерге айтарым: төл тарихымызды терең білу қажет. Бірақ бұл тек өткен күнмен өмір сүру деген сөз емес. Әрбір жас келешекке айқын көзқараспен қарап, нық қадам басуы керек.

Қазіргі заман өте күрделі, бұрын болмаған үрдістер пайда болып жатыр. Жасанды интеллектінің бүкіл қоғамдық дамуға қандай ықпалы болмақ екені әлі толығымен зерттелмеген. Адамзатқа төнетін қауіп-қатерлер аз болмайды. Сондықтан ең алдымен жастарымыз бұлыңғыр келешекке толық дайын болуға тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болуы керек. Абайша айтқанда, «ғылым таппай мақтанбауы» қажет. Егемен ел болудың қадір-қасиетін түсініп, тәуелсіздігімізді қорғауға қашанда дайын болуы керек. Сонда біздің мемлекеттілігіміз — мығым, болашағымыз — баянды болары хақ. Мен отаншыл ұл-қыздарымыздың жасампаз күш-жігеріне сенемін. Жолдарыңыз әрдайым ашық болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.