Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған жаңа Конституция әзірлеуге тапсырма берді. Ол жаңа Ата Заң елді әскери кезеңнің мұрасынан толық арылтады деп сенеді. Оның сөзінше, 1982 жылы қабылданған Конституция бірнеше мәрте өзгертілгенімен, қазіргі қоғам талабына сай келмейді. Сондықтан президент 10 заңгерден құралған арнайы топты жаңа Конституция дайындауға жұмылдырған.

Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Жаңа әрі азаматтық Конституция бізге осы сарқыншақтардан түбегейлі арылуға, бойымыздағы енжарлықты сілкіп тастауға мүмкіндік береді. Бұл Конституция түрік саясатының кемелденгенін дәлелдейтін маңызды қадам болмақ. Біз жаңа Ата Заңды бостандықтардың толық тізімі қамтылған және әмбебап құндылықтарға негізделген құжат ретінде көргіміз келеді.

Президент жаңа заң жобасы ұлттық бірлікті нығайтып, терроризм мен экстремизм мәселесін бейбіт жолмен шешуге ықпал етеді деп сенеді. Ердоған партиялар арасындағы диалог пен кең ауқымды қоғамдық консенсус қажеттігін баса айтты. Ал кей сарапшылар: «Конституциядағы өзгерістер оның қайта сайлануына жол ашуы мүмкін», – дейді.