"Интерфармсервиске" қатысты тергеу жүріп жатыр.


Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі "Интерфармсервис" компаниясының басшыларына қатысты ірі көлемдегі қаржылық заңбұзушылық фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Агенттік мәліметінше, компания Дюшенн бұлшықет дистрофиясын емдеуге арналған дәрілерді Қазақстанға бес жыл бойы жеткізіп келген. Алайда басшылық заңсыз пайда табу мақсатында жеткізу тізбегіне Біріккен Араб Әмірліктері аумағында тіркелген өздеріне бағынысты компанияны қосып, жалған мәмілелер жасаған.

"Осы схема арқылы дәрі-дәрмек бағасы қолдан қымбаттатылып, заңсыз табыс алынған. Сонымен қатар тергеу барысында компанияның салықтан жалтару үшін жалған шот-фактуралар рәсімдеп, жеке кәсіпкерлер арқылы қаржы айналымын жасырғаны анықталған. Нәтижесінде 4 млрд теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, 637 млн теңгеден астам салық төленбеген. Заңсыз табысқа күдіктілер 32 пәтер, 11 автокөлік және 8 тұрғын үй сатып алған. Аталған мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды", – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда екі күдіктіге қатысты үйқамақ, ал үшінші тұлғаға кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.


Оқи отырыңыз: Алматы әуежайында шетел азаматы есірткімен ұсталды. Күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін