2023 жылы мансабын аяқтағанын мәлімдеген Дидар Хамза биыл татамиге қайта оралды.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол «Бірінші бол» YouTube арнасына берген сұхбатында бұл шешіміне Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевтың 2024 жылғы Париж Олимпиадасындағы жетістігі әсер еткенін айтты.
«Бұрын ұлттық құрамада француз маманы жұмыс істеген кезде аудармашы арқылы сөйлестік. Ол кісілердің жұмысы, жаттығуы маған ұнаған жоқ. Сол процесстен кейін күресті қойдым десе де болады. Солар кеткесін қайта оралдым. Француз мамандары барлық салмақ дәрежесіне бір жоспар қоятын. Жеңіл салмақ та, ауыр салмақ та бір жаттығуды жасайды. Салмаққа қарап, жеке жұмыс істемейді. 60 келінің баласы шаршамай жүгіре беруі мүмкін. Ал үлкен салмаққа ол керек емес. Сол себепті физикалық жұмыстар өте аз болды. Жалпы күресті қойғаныма көп факторлар әсер етті. Бірден бір себебі, жаттығу процесі, жеңілістер, хейт. Адамдардың «жастарға орын бер» деп жазғанын көріп, «шынымен жасым келіп қалды ма» деген нәрсе болды. Барлығын ойлап, сараптап, күрсеті қойған едім. Париж Олимпиадасында екі ағамыз, Елдос пен Ғұсман медаль алғаннан кейін маған үлкен мотивация болды. «Әлі жас екенмін, болады екен» дедім», — дейді ол.
Сондай-ақ, ол Ұлттық құрама сапына әлі кірмегенін де жасырмады.
«Әлі Ұлттық құрамаға кірмедім. Ол үшін ел біріншілігін жеңу керек. Әлемдік додаларда топ жарып жүрген спортшыларға Қазақстан чемпионатына қатыспауға рұқсат беріп жатыр. Маған қазір ішкі біріншілікті жеңу керек», — дейді Дидар Хамза.
Айта кетейік, отандық дзюдо тарихында Азия ойындарында чемпион болған екі-ақ қазақ дзюдошысы бар. Оның бірі — Елдос Сметов, екіншісі — Дидар Хамза.