Биыл Кореяда өтіп жатқан Азия чемпионатында 39 елден келген 567 спортшы бақ сынауда.
Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында жеңіл атлетикадан өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер арасында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Нора Джеруто 9:10.46 уақыт көрсеткішімен мәре сызығын бірінші болып кесіп, алтыннан алқа тақты.
Сондай-ақ тағы бір қазақстандық спортшымыз Дейзи Джепкемей (9:12.46) қолаға қол жеткізді. Күміс Үндістан өкілі Парул Чаудхариға (9:12.46) бұйырды.
Ал, биіктікке секіруден қызықты жайт тіркелді. 3 спортшы бірдей биіктікті бағындырғанымен, қосымша көрсеткіштер бойынша Надежда Дубовицкая жүлдеден тыс қалды. Үндістан өкілі Пужа Пужа 1.89 метр көрсеткішімен алтын медаль, қазақстандық Елизавета Матвеева 1.86 метр көрсеткішімен күміс жүлдеге ие болды. Өзбекстандық Сафина Садуллаева (1.86 метр) қола жүлдеге ие болды. Надежда Дубовицкая (1.86 м) 4-орынға табан тіреді.
Айта кетейік, осыдан бір күн бұрын Дейзи Джепкемей 10 000 метр қашықтыққа жүгіруде алтын медальға қол жеткізген болатын.