Өзгеріс басқа да мемлекеттерге қатысты болып отыр.


2026 жылғы 1 мамырдан бастап Түркияның көші-қон істері жөніндегі бас басқармасы тұруға ықтиярхатты рәсімдеу кезінде алынатын алымдардың құнын өсірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өзгеріс көптеген елге қатысты болып отыр, соның ішінде Қазақстан да бар.

Жаңа ережелерге сәйкес, келесі алымдар белгіленіп отыр:

  • 6 айға рұқсат – 14 233 түрік лирасы (29 сәуірдегі бағам бойынша 315 доллар);
  • 1 жылға – 28 467 лира (631 доллар);
  • 2 жылға – 56 935 лира (1 263 доллар);
  • 3 жылға – 83 722 лира (1 857 доллар).

Төлемдер салық органдарында жасалады әрі 1 мамырдан кейін берілген өтініштерге қолданылады. Егер азаматтың ресми тұру мерзімі осы күнге дейін басталса, онда бұрынғы тарифпен төлеуге болады.

Жарияланған тізімге кірмеген елдердің азаматтары үшін де есептеу жүйесі өзгерген. Бірінші айдың құны 653,70 лирадан 3 359,90 лираға дейін, ал әрбір келесі ай үшін 2 232,30 лира болып белгіленген. Бұл елдер үшін бірыңғай тұрақты тариф жоқ, соңғы сома өтініш берген сәттегі онлайн жүйе арқылы белгіленеді.

Кейбір санаттар үшін жартылай жеңілдіктер қолжетімді. Университет студенттері (TOMER тіл курстарының тыңдаушыларынан басқа) және ұзақ мерзімді тұрақты тұруға ықтиярхат алушылар тек карта құнын төлейді, оларға қосымша салық салынбайды.

Ал қалған барлық санаттар – қысқа мерзімді (туристік) тұруға ықтиярхат, отбасылық рұқсаттар, жылжымайтын мүлік иелеріне берілетін рұқсаттар, инвестиция арқылы азаматтық алу бағдарламалары аясындағы өтініштер, сондай-ақ TOMER орталықтарындағы оқу негізіндегі рұқсаттар жаңа тарифтік жүйеге кіреді.