Қытайлар теңіз бетіне салынған әлемдегі ең үлкен күн электр станциясын іске қосты.

Аумағы 1200 гектар болатын алып жобаның жылдық қуаты 1 гигаватт. Инженерлер су бетіне 3 мыңға жуық фотоэлектрлі панель орнатқан. Осы арқылы энергия өндірісінің тиімділігі бірнеше есе артқан. Осындай күрделі жобаны қолға алуға жер тапшылығы да итермелепті. Құрылыс кезінде жойқын тайфундарға төтеп беретін ерекше тәсіл қолданылған. Ал теңіз суы панельдерді салқындатып шамадан тыс қызып кетуден сақтайды. Енді қытайлар жобаны бүкіл жағалауда жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Чжан Бо, Күн электр станциясы басшысының орынбасары:

- Су түбіндегі қадалар инновациялық технологиямен орнатылды. Фотоэлектрлі панельдердің ені 35, ұзындығы 60 метр болады. Біз оларды 15 градус қиғаш орнаттық. Бұл тәсіл жойқын теңіз дауылдарына төтеп беру үшін жасалды. Сондай-ақ қаңқасына жұмсалатын болат темірді 10 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді. Дәл осы осы тәжірибе ендігі жобаларда жаппай қолданылады.