Атырау облысында қайтарылған активтер есебінен екі нысанның құрылысы жүріп жатыр.

Қызыл-қоға ауданына қарасты Жамансор ауылында 80 орындық мектеп пен 30 орындық интернат бой көтеруде. Қазір ауылдағы жоғары сынып оқушылары көрші аудандарға барып оқуға мәжбүр. Жаңа нысан берілсе, мәселе шешімін таппақ.

Жамансор ауылында қазір 700-ге тарта тұрғын бар. Бастауыш сынып оқушылары 15 жыл бұрын салынған мына аядай мектепте білім алып жүр.

Жамансор бастауыш мектебінде қазір 70 оқушы білім алады. Бар-жоғы 5 кабинетте мұғалімдер қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, балаларды оқытады. Жаңа мектептің қажеттілігі туралы бұған дейін біраз айтылды. Мына аядай мектепке сыймағаннан кейін жоғары сынып оқушылары жақын орналасқан Мақат кенті мен Құлсары қаласындағы мектеп-интернаттарда оқып жатыр.

Талапқа сай білім ордасының жоқтығы жоғары сынып оқушылары мен ата-аналар үшін қолайсыз. Қыста көрші аудандарға қатынау қиындайды.

Ақниет Сахиұлы, Жамансор ауылының тұрғыны:

- Балалардың көп бөлігі Доссор елді мекеніндегі интернатта, туысқандары барлар Мақат елді мекенінде, бір бөлігі Мұқыр елді мекенінде оқиды. Ол балалардың демалыс кездерінде, каникул кездерінде ауылға келіп-кету қиындығы бар.

Жанаргүл Жұмағалиева, Жамансор бастауыш мектебінің меңгерушісі:

- Біздің ауылға 5-11 арасындағы 60-қа жуық оқушымыз апта сайын қатынап тұрады. Апта сайын келгенде қалталарынан ақша шығады дегендей. Көпбалалы аналар бар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Солардың қалталарына үлкен салмақ салынып келді.

Биыл қайтарылған активтер есебінен ауылда 80 орындық мектеп пен 30 орындық интернаттың құрылысы басталды. Ақжолтай хабарды тұрғындар көптен күткен еді. Қазір мектептің төбесі жабылып жатыр. Ал интернаттың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Дмитрий Назаренко, мердігер мекеме өкілі:

- Биыл құрылысты көктемде бастадық. Жалпы жұмыстың 80 пайызы аяқталды. Алаңда 11 техника мен 53 адам жұмыс істеп жатыр.

Жаңа мектеп заманауи оқу орындарынан кем болмайды,- дейді жауаптылар. Спорт зал, асхана, мединицалық пункт және соңғы үлгідегі зертханамен қамтылады. Дегенмен ауа-райының қолайсыздығына байланысты құрылыс жұмыстары баяулаған.

Дархан Тілепберген, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

- Қызылқоғада Ақтөбенің ауа райы дейді ғой. Ауа райына байланысты, салқындықтар туындап, қазір құрылыс жұмыстары баяу жүргізіліп тұр. Негізінен нақты біту мерзімі 2026 жылдың наурыз айларына жоспарланған.

Жамансордағы мектептен бөлек Құрманғазы ауданындағы емхана жанынан МРТ құрылғысына арналған ғимарат бой көтеруде. Бұл да қайтарылған активтер есебінен салынып жатыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин